С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Басқарудың жаңа кезеңдері «Бірлік пен біртектілік» тақырыбын арқау еткен дөңгелек үстел өтті.

Шараға С. Торайғыров атындағы ПМУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мұрындық болды.

Кездесудің мұраты қазақстандық біртектілікті дамыту және нығайтуды, тұтас азаматтық қоғамды құру бағытындағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың институционалдық бес реформасын іске асыруға «100 нақты қадам» бойынша өткір мәселелерді талқылауды көздеді.

Дөңгелек үстел жұмысына Павлодар облысының жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, С. Торайғыров атындағы ПМУ «Бірлік» студенттік ассамблеясының белсенділері қатысты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры, б.ғ.д. Нұрлан Ержанов өз сөзінде ел дамуына бағытталған бес реформаны іске асырудың өзектілігін атап өтті.

– Әлем жұрты ұлттылығы мен біртектілігін сақтап, басқа ұлт өкілдерімен бірлік пен келісімде қалайша өмір сүруге болатындығы туралы мәселеге бас қатыруда. Ал қазақстандықтар үшін бұл құндылықтар жарқын болашағымыздың тірегі деп түсінген жөн, – деді Нұрлан Телманұлы.

«Возрождение» Павлодар облыстық неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ольга Литневская баяндамасында жастардың бойына патриоттық рухпен төзімділік қасиеттерді сіңіріп өсірудің маңыздылығына тоқталды.

– Бұл құндылықтар – уақыттың сынағынан өткен қазақстандық тәжірибе. Біздің қоғамға руханилық, ұлттық бірлік, тыныштық пен келісім тән, – деп есептейді Ольга Владимировна.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел жұмысына белсене атсалысқан баяндамашылар айтулы тақырыпты тереңірек талқыға салды. Т.ғ.д., профессор, ПМПИ Қазақстан халқы Ассамблеясы және Еуразиялық ықпалдастық орталығының директоры, Павлодар облысы ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың басшысы Сәуле Мамытова, С. Торайғыров атындағы ПМУ философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Тамара Зозуля, С. Торайғыров атындағы ПМУ «Бірлік» студенттік ассамблеясының төрағасы Рамил Смилов жиналғандарды Ұлт жоспарының негізгі мақсатына ғана қанықтырып қоймай, елімізді дамытуға, мемлекетіміздегі ұлттар арасындағы бірлік пен біртектілік жолдарын нығайтуға жол сілтеп, кедергілерді айқындап, жетер жетістігімізді бағамдап шықты.