С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Астана қаласында «Bolashak Job Fair 2015» – «Болашақ» халықаралық стипендия иегерлерінің түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке барысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

ҚР ҒБМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Ғани Нығметов пен С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев қол қойған бұл құжат жоғары білім беру саласындағы серіктестік қарым-қатынасты нығайтуға бағытталып отыр.

Екі жақтық келісім өзара бірлескен білім-ғылым жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруды көздеуде. Сондай-ақ, құжат екі жақтық ынтымақтастық пен әріптестікті дамытуға даңғыл болатыны анық.

Сонымен қатар, шараға қатысушылар айтулы бағдарламаның алғашқы түлектерінен қызықты ақпараттар мен еңбектегі табыстары жайында хабардар болды. Bolashak Job Fair жәрмеңкесінің қатысушылары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры әрі «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арын Өрсариевтің мансаптық жетістігі тарихымен танысты.

Арын Өрсариев өз сөзінде «Болашақ» бағдарламасы мемлекет тарапынан жастарға салған үлкен инвестиция екенін атап өтті.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келіп, бүгінгі күні табысты жеміс беріп жатқан «Болашақ» бағдарламасы ел дамуына зор үлес қосуда. Себебі «Болашақтың» түлектері бүгінгі күні мемлекетіміздің өркендеуіне адал қызмет етуде, – деді Арын Амангелдіұлы.