С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Жас ғалым» бағдарламасы аясында «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркінде бірнеше ғылыми жобаларды іске асырды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің металлургия, көлік және машина жасау факультетінің студенттері ауылшарушылығы техникасына арналған модульді дисктік тырманың жобасын жасап шығарды.

Жобаның басты мақсаты – түрлі тракторларда қолдануға болатын, жұмыс кезінде агрегат көлемін ұзартуға мүмкіндігі бар модульді дисктік тырманың құрылымын жасап шығару.

КТ-301 тобының студенті Ернар Әлдештің айтуынша, алда қойған міндеттің жүгі ауыр болған, себебі агрегаттың функционалдығын жоғалтпай, әмбебаптылығын қамтамасыз ету. «Агрегаттың әмбебаптылығы қарапайым шаруа адамына басқа құрал-жабдықтарды сатып алып, шығынға түспеуі үшін қажет», – дейді Ернар.

Аталмыш жобаны іске асырушылардың бірі Аян Саубенов ауылшаруашылығы техникасының бұл түрі кеңінен қолданылатынын, бірақ Қазақстанда өндірілмейтінін айтты. «Бұл тырманың ерекшелігі – жұмыс сапасын жоғалтпай, агрегат көлемін ұзарту арқылы жұмыстың көлемін де арттыруға мүмкіндігі бар», – деп жоба ерекшелігіне тоқталды Аян.

«DAMAK Павлодар механикалық зауыты» ЖШС директоры Салауат Жұмаділов студенттердің жасаған жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Ол жобаның болашағы зор екендігін айтып, шетелден импортталатын ауылшаруашылығының түрлі құрал-жабдықтарының орнына пайдалануға болатынын басып айтты. Бұл мақсатта аймақтың бірнеше өндіріс орындарымен байланыс жасалып жатыр. «Агрегатты өңіріміздің және Республикамыз бойынша шаруа қожалықтары мен фермерлері тұтынатын болады», – дейді Салауат Қайыржанұлы.

Жоба жетекшісі «Ертіс» ғылыми-техникалық паркінің директоры Руслан Мұқановтың айтуынша, бұл – металлургия, көлік және машина жасау факультетінің студенттері жасап отырған бірінші жоба емес. «Студенттер жасап шығарған шөп шабатын шалғы қазіргі күнде Павлодарда өндіріліп жатыр әрі үлкен сұранысқа ие», – деп өз ойымен бөлісті жас ғалымдардың жетекшісі.