С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Павлодар жастар құрамасы» командасы республикалық «Жасыбай толқыны» жайдарман фестивалінде жүлделі орындарға ие болды.

Жыл сайын жаздың жайма шуақты күндері Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасында еліміздің әр аймағындағы жоғары оқу орындары жайдарманшыларының басы қосылады. «Жасыбай толқыны» республикалық жайдарман фестивалінде Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарынан 22 команда өнер көретті. Фестивальде бәске екі Кубок тігілді. Екі ойында да С. Торайғыров атындағы ПМУ командасы тамаша ойын көрсетіп, жүлделі орындармен қанжығаларын майлап қайтты.

Ал әзіл мерекесінің қонақтары «Павлодар жастар құрамасы командасының екі тілде де еркін сахналаған шебер ойнына таңдай қақты. Команда бірінші ойында әзілсүйер көрерменді өзінің қазақ тілді өткір әзілдерімен тәнті етті. Ауа-райының салқындығына қарамастан, С.Торайғыров атындағы ПМУ «Павлодар жастар құрамасы» әр көрерменнің жүрегіне жылу, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олар ойын барысында бүгінгі қоғамның айнасына айналып, ел арасындағы түйіткілді мәселелердің шешімін әзілмен жеткізіп жатты. Павлодар мемлекеттік университетінің жайдарманшылары қызықты да тартысты ойында алматылық қонақтарды алдына жіберіп, екінші орынға ие болды. Ал екінші ойынның нәтижесі бойынша Павлодар мемлекеттік университетінің жайдарманшылары орыс тілді командалардың бәрінің алдын орап, Кубоктың қожайыны атанды.

Павлодар мемлекеттік университетінің «Павлодар жастар құрамасы» командасының капитаны Олжас Қоңыратбаевтың айтуынша, команда осы жылдың тамыз айында Астана қаласынада өтетін келесі Жайдарман ойындарына дайындыққа кірісіп кетті. Мұнымен қоса, команда Сочи қаласында өтетін КВН фестиваліне орыс тіліндегі бағдарламасын дайындап жатыр екен. «Алдыға жүгіріп, команданың жоспарлармен бөлісіпей-ақ қояйын, әзілсүйер қауымға тосынсый болсын. Бұл сапарымызды С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің өзі қолдайтын болды», – деді Олжас.

Университет басшылығының қолдауы мен жанкүйерлігі жайдарманшыларымызды жеңіске жетелейтіні сөзсіз.

Төлеген Нұрғазы мен Ақмарал Есімханованың фотолары