С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Foundation» факультеті шетелдік-тыңдаушыларының алғашқы түлектерін ұшырды.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Foundation» факультетінің шетелдік қазақ диаспорасы өкілдері, оралмандар мен шетел азаматтарына арналған даярлық бөлімінен алғашқы түлектерін шығарды.

Ағымдағы оқу жылында «Foundation» факультетінде алғаш рет шетелдік қазақ диаспорасы өкілдері, оралмандар мен шетел азаматтарына арналған даярлық бөлімі ашылды. Даярлық бөлімінің мақсаты – ҚР жоғары оқу орындарына түсетін тыңдаушылардың жалпы білім беру дайындықтарының деңгейін көтеруге жағдай жасау және біздің елімізде өмір сүру жағдайына бейімдеу.

2014 жылдың қазан айында Павлодар мемлекеттік университетіне Қытай Халық Республикасынан, Моңғол елінен және Өзбекстаннан 50 тыңдаушы келді. Шетелдік тыңдаушылардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалды. Тыңдаушыларға жоғары оқу орнының және мектептің көпжылдық педагогикалық еңбек өтілі бар, ең таңдаулы оқытушылары білім берді. Білім алушылар апта сайын сынама тестілеуден өтіп, қосымша ағылшын тілі мен орыс тілдерін игерді.

Даярлық бөлімінің білім алушылары кешенді тестілеуде тапсыратын пәндерге дайындалумен ғана шектелмей, университеттің қоғамдық өміріне де белсене атсалысты. Яғни, 32 тыңдаушы спорттық секцияларға (баскетбол, бокс, шаңғы, жеңіл атлетика) және университет атынан спорттық жарыстарға қатысты. Төрт тыңдаушы студенттік филармонияның көркем өнерпаздық үйірмелерінде өнер көрсетті. Тыңдаушылар халықаралық студенттер күніне арналған «Студенттік өмір» атты жұптар кешіне және жатақхана студенттер бірлестігінің ұйымдастырған «Таланттар сайысы – 2014» сайысында тамаша өнер көсетіп, көрерменнің көз қуанышына айналды. Сонымен қоса, оқу жылы барысында көші-қон және медициналық көмек туралы толық ақпарат алу мақсатында Павлодар облысы Ішкі Істер департаментінің көші-қон полиция басқармасының өкілдерімен және медицина қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тыңдаушыларға Қазақстан тарихынан ҚР Ата Заңы жайлы дәріс оқылды.

Оқу жылының соңында тыңдаушылар университеттегі оқу жайлы жақсы әсерлерімен бөлісе отырып, өз тарихи Отандарында білім алуға мүмкіндік туғызғанына, Студенттер үйінде тұруға және сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалғанына алғыстарын білдірді.

«Foundation» факультетінің деканы, п.ғ.к. Айжан Кудерина білім алу үшін тарихи Отандарына келген тыңдаушыларға оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда қолайлы жағдай жасағандары үшін университет басшылығына үлкен алғысын білдірді. «Біздің балалар Студенттер үйінде тегін тұрды, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, білім туралы құжаттарды нострификациялауды өтуде оларға көмек көрсетілді. Мемлекеттік және ұлттық мерекелерде де университет назарынан тыс қалмады. Балалар студенттермен қатар С. Торайғыров атындағы ПМУ қоғамдық өміріне белсене қатысты. Тыңдаушыларымыз алдағы ТКТ-ні сәтті тапсырып, Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері атанатындарына үмітіміз зор», – деді Айжан Ермекқызы.