С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің волейболшылар командасы облыстық телевидениенің 50 жылдығына арналған турнирде жеңімпаз атанды.

Сайысқа облыстың оннан астам құрама командалары қатысты. Жарыс тартысты өтіп, қатысушылардың қарқындылығымен ерекшеленді. Қатысушылардың баршасы Павлодардың ең үздік командасы атану үшін аянбай «жан берісіп, жан алысқан» ойын үлгісін көрсетті.

Сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің волейболшылар командасына берілді. Журналистика кафедрасының волейболшылары тартысты күресте С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің намысын абыроймен қорғай алды. Сонымен қатар ойын барысында нәтижелі ойын әрі жоғары көрсеткіш көрсетіп, команда жеңіс тұғырынан көрінді.

Команда капитаны, ф.ғ.к., «Журналистика» кафедрасының профессоры Марат Ибраевтың айтуынша, ойыншылар шабуылды сауатты ұйымдастырып, жақсы ойын көрсете білді. «Бүгін мен үшін журналистика кафедрасы өзінің кәсіби мерекесі қарсанында жарыста «алтын» алқа тағуы - үлкен құрмет, зор қуаныш», -деп жарыс жайлы өз ойын білдірді.