С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің гуманитарлық-педагогикалық факультетінің магистранттары Айтуар Қоспақов пен Әзиза Сатыбалдинова М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтіп келді.

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің психология факультетінде өткен тағылымдама барысында магистранттар «Әлеуметтік психология», «Жалпы психодиагностика», «Эксперименттік психология», «Тұлға психологиясы», «Топтың әлеуметтік психологиясы» және т.б. пәндер бойынша дәріс, семинар және тәжірибелік сабақтарға қатысты.

Сонымен қатар оқу-ғылыми тағылымдама бағдарламасына ғылыми кеңесшілермен кездесулер, психология факультетінің ғылыми кітапханасын аралау, магистрлік диссертация тақырыбы бойынша әдеби шолу жасау, психологияның теориясы мен тәжірибесі бойынша өтетін халықаралық конференцияларға қатысу сияқты шаралар енді.

Ғылыми кеңесшілер пс.ғ.д., профессор Е.П. Белинский және пс.ғ.д., Т.А. Нестикомен кездесу барысында магистранттар магистрлік диссертация аясындағы зерттеу жұмыстарын жоспарлау мен ұйымдастыру бойынша ұсыныстар алып, тәжірибе алмасты.

А.Қоспақовтың айтуынша, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен оқу-ғылыми тағылымдама кәсіби біліктіліктің артуына зор ықпал етеді. «Әлемдегі ең бір беделді университетінде тағылымдамадан өту - біз үшін үлкен құрмет. 2 айға созылған ғылыми тағылымдама кезінде біз көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинақтап қайттық», - дейді ол.

Аталмыш факультетте әлемге танылған психологтар: А.Н. Леонтьев (факультеттің бірінші деканы), А.Р. Лурия, Б.В. Зейгарник, П.Я. Гальперин, В.В. Давыдов, Д.Б. Эльконин, Е.Н. сынды психология майталмандары жұмыс істеген. Қазіргі кезде психология факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамының дәрістері жоғары деңгейлігімен, өзектілігімен ғылыми жаңалығы мен тәжірибелік маңыздылығымен ерекшеленеді.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің психология факультетінің негізі 1966 жылы қаланған болатын. Қазіргі таңда бұл факультетте түрлі бағыттар бойынша 11 кафедра жұмыс істейді. Сонымен бірге материалдық-техникалық базасы кең әрі психология саласында түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған 5 ғылыми зертхана студенттер игілігіне қызмет етуде.