С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің студенті Ернұр Хайлямов Тараз қаласында өткен пауэрлифтинг және жатып сығымдап көтеру бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатында жеңімпаз атанды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті металлургия, машинажасау және көлік факультетінің «Көліктік логистика» кафедрасының студенті Ернұр Хайлямов Тараз қаласында өткен пауэрлифтинг бойынша республикалық чемпионатында ерлер арасында 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 560 келені бағындырып, бірінші орынға ие болды.

Пауэрлифтинг «күштік үш сайыс» деген мағына беретін ауыр атлетикаға жататын спорт түрі. Бұл нағыз батырлардың бәсекесі. Өз салмағынан бірнеше есе ауыр зілтемірді көтеру екінің бірінің қолынан келмейді. Ал Ернұр штангыны жатып сығымдап көтеру бойынша 172,5 келені көтеріп, облысытық рекордты жаңартты.

Ернұр Хайлямов пауэрлифтинг соңғы кезде қарқынды дамып келе жатқанын айтады.

– Негізінде бұл спорт қазір әлем бойынша өте жылдам дамып келе жатқан спорт түріне жатады. Пауэрлифтинг олимпиада бағдарламасына енгізілмегеніне қарамастан, Қазақстанда айналысатын жастардың саны артып келеді, – дейді жас спортшы.

Қазақстан Республикасының пауэрлифтингтен бірнеше дүркін чемпионы Ернұр Хайлямов бірқатар рекордтық көрсеткіштер иесі болды. Ол 9 жасынан ауыр атлетикамен айналысып, спорт шебері атанды, ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы болды. Ал күш сайысымен 19 жасынан бері айналысып келеді. Сол күннен бері ол өз күшін жаттықтырып, шынықтырып, әрдайым жарыстарға дайындық үстінде жүреді. Оның айтуынша бүгінде ол спортсыз бір күнін елестете алмайды.

– Мен осы спорт түрінен Қазақстанның рекордын жаңартуды және әлемнің чемпионы болуды армандаймын. Өз басым барлық жарыстарда жеңіске жетуді мақсат етемін, – деп алға қойған мақсаттарымен бөлісті Ернұр..

Ернұр қиындықтарға қарамастан спорт пен оқуды тамаша ұштастыра білген спортшы. Спорттағы жеңістері мен оқудағы жетістіктеріне Ернұр еш қиындықсыз қолжеткізеді. Өйткені ол қашанда уақытын бекерге ада қылмай, өз-өзін шыңдап жүргенді әдет еткен.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің намысын қорғап, спорттағы биік белестерді бағындырып, өз алдына қойған арман-мақсаттарыңа жете беруіне ниеттіміз.