С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің психология және педагогика кафедрасында арт-терапия үйірмесінің көрмесі өтті.

Арт-терапия үйірмесі өз жұмысын 2014 ждылдың 15 қыркүйегінен бастады. Ал бүгінде үйірме жұмысы студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің шығармашылық арқылы психоэмоцианалды күйзелісін жеңуге және жан тыныштығын дамытуға бағытталып отыр.

Бұл үйірменің құрылуына психология және педагогика кафедрасының оқытушылары: доктор PhD, қауымдастырылған профессор Нелли Пиговаева, аға оқытушы Мұршида Нурғалива және оқытушы Самал Антикеева мұрындық болды.

Үйірмені ұйымдастырушылардың айтуынша, кез келген студент, оқытушы мен қызметкер үйірменің қатысушысы бола алады. Аптасына бір рет психология және педагогика кафедрасының психологиялық кабинетінде арт-терапияның барлық түрі бойынша 60 минуттық сабақ өтеді.

Университеттегі оқу барысында көбісі психологиялық тұрғыдан емтихан уақыттарын өздеріне ауыр жүктеме ретінде қабылдауды әдет еткен. Әсіресе, бұл шақ бірінші курс студенттері үшін қиын кезге саналады – олар күйзелісті, ашушаңдықты, тіпті кейде нервтік қозуды бастан өткереді дейді 3 курс студенті Гүлжанар Капоува. «Ал біздің үйірме арт-терапияның сан алуан түрлері мәселен, терапия, бейнелеу өнері, тоқу, тігу, әдеби туындыларды оқу, ойын терапиясы, би терапиясы, т.б. бойынша жұмыс жасайды», – дейді Гүлжанар.

2014 жылдың 14 қарашасында Мұршида Нұрғалиева мен Самал Антикеева Павлодар радиосы арқылы арт-терапия үйірмесінің тұсауын кескен болатын. Үйірме тыңдармандар тарапынан оң бағаға ие болды. Өйткені, психоэмоцианалды күйзелісті түсіруге бағытталған мұндай жұмыс біздің өңірде алғаш тіркеліпті.

Үйірменің жеткешісі Самал Антикееваның мәлімдеуінше, арт-терапия сабақтарына студенттер мен оқытушылар аса қызығушылықпен қатысуда. Қатысушылардың тілегі бойынша сабақтың барлық түрі өтіп тұрады екен. Әсіресе үйірме жетекшісінің айтуынша мұндай сабақтар рубеждік апталарда және қысқы емтихан кездерінде жиі болып тұрады.

«Бүгінгі күні қатысушылар арт-терапия техникасын университеттен тыс жерде де қолданып жүр. Үйірме жұмысын бағалайтын болсам, арт-терапия сабақтарына қатысқан студенттердің оқуға, оқытушылар мен қызметкерлердің жұмысқа қабілеттері артты, оқу және жұмыс барысындағы физикалық шаршаңқылық пен психологиялық қажудан арылады», – дейді Самал Қанатқызы.

Руфина Торпищеваның фотосы