С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді жастары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында көмекке мұқтаж соғыс ардагерлерінің үй шаруасындағы жұмыстарына көмектесті.

Павлодар қаласының ардагерлеріне қолғабыс ету Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау шеңберінде «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы барысында өтуде.

С.Торайғыров атындағы ПМУ «Жас Отан» ЖҚ белсенділері ПОФ «Жас Отан» ЖҚ-ның еріктілерімен бірігіп ардагерлердің үйінің ауласын қардан, қоқыстан тазалады. Жігерлі жігіттер қарияларға отын-суын тасып, азық-түлігін жеткізіп беруге көмектесті. Ал қыздар қарттарға үй ішіндегі тазалыққа кол ұшын берді.

Жастардың қажырлы еңбектерінен кейін майдангерлер соғыс кезіндегі жеңістері мен жеңілістері туралы естеліктерімен бөлісті. Олар өздерінің жеңістен кейінгі өмірі, жанұялары жайында, соғыстан кейінгі қираған ел экономикасын көтеру бағытында атқарған еңбектері мен табыстары туралы әңгімелеп берді. Қариялар жастардың қамқорлығына, көмегіне дән риза екенін жеткізді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ «Жас Отан» ЖҚ бөлімшесінің атқарушы хатшысы Кәусар Жомартованың айтуынша қарттарға көмектесу ізгіліктің бастауы.

– Қарттарға қолғабыс ету – игі іс. Әсіресе жалғыз тұратын қарияларымыз біз сынды жастардың көмегіне мұқтаж. Оның үстіне олар көп те емес. С.Торайғыров атындағы ПМУ «Жас Отан» ЖҚ белсенділері шын көмекке мұқтаж болған жандардың үйіне барып, үй шаруашылығына көмектесуді әдетке айналдырып келеді. Осылайша ҰОС ардагерлеріне бүгінгі өскелең ұрпақ шын пейілімен көмектесіп, ерліктеріне алғыстарымызды жеткіземіз, – дейді Кәусар Жомартова.