С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Словакияда өтіп жатқан Халықаралық универсиадада күміс жүлдегер атанды.

Браун Максим С.Торайғыров атындағы ПМУ гуманитарлы-педагогикалық факультеттің студенті.

2015 жыл С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің спортшылары үшін сәтті басталды. Браун Максим Словакияда өтіп жатқан Халықаралық студенттік универсиадада биатлон бойынша құрама командада өнер көрсетіп, күміс медальді қанжығасына байлады.

Биатлон – әлемде ерекше қарқынмен дамып келе жатқан спорт түрінің бірі. Бұған дейін аталмыш спорт түрі «Қысқы қоссайыс» деп аталып келген болатын. Нақтырақ айтсақ, биатлон – шаңғы жарыстарында ату шебінде тұрып, шағынкалибрлі винтовкадан атуға құралған қысқы сайыс.

Жерлесіміздің өнеріне тек қана Словакия жұртшылығы ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүние тәнті болды. С.Торайғыров атындағы ПМУ «Сұңқар» спорт клубының төрағасы Жаудат Аблеевтің айтуынша, сайыстағы жеңіс студенттеріміздің спортқа деген бейімі жақсы екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Максимнің өзі айтқандай, эстафета тартысты әрі күреске толы өтті. «Бүгін маған алтын медаль алуыма сәл де болса күш-қуатым жетпеді, бірақ алдағы болатын сайыстарда алтын медальді иеленуге тырысамын», – дейді Максим Браун.