С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде профессорлық-оқытушылар құрамы, университет қызметкерлері және спорт ардагерлері арасында «Денсаулық – зор байлық» спорттық жарыстар өтуде.

Спорттық сайыстың ашылу салтанатында С.Торайғыров атындағы ПМУ «Сұңқар» спорт клубының төрағасы Жаудат Аблеев спортшыларға сәтті ойын, зор жеңіс тілеп, жарыс нәтижесіне сай білім және ғылым саласының қызметкерлері арасында өтетін облыстық сайыстарға қатысу үшін университеттің құрама командасы құрылатынын атап өтті.

Сайысқа С.Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлері және спорт ардагерлерінен құрылған 9 команда қатысуда.

Спортшылардың тартысты ойыны жеті спорттың түрі бойынша бағаланады. Оқу орданың спортшылары волейбол, арқан тарту, үстел теннисі, шахмат, әйелдер арасындағы гимнастикалық үшсайыс, ерлер арасындағы күш үшсайысы, пневматикалық винтовкадан оқ ату сынды спорттың түрлері бойынша бағын сынап бағуда.

Бірінші күннің нәтижесі бойынша спорт командалары былайша іріктелді: волейбол бойынша бас жүлдені гуманитарлық-педагогикалық факультет командасы қанжығасына байлады. Ал физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің арқан тартушылары «алтынға» ие болып, топ жарды. Бұл факультеттің спортшылары әйелдер арсындағы гимнастикалық үшсайыс бойынша да оза шауып, бірінші атанды.

Табанды тартысты пневматикалық винтовкадан оқ ату бойынша бір ғана ұпай алшақтықпен химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің командасы алға шықты.