С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы, т.ғ.д., Ресей Жаратылыстану Академиясының (РЖА) корреспондент мүшесі, ғылым мен білім беру ісінің еңбек сіңірген қайраткері Нұргүл Смайлова ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің бұйрығымен «Машинажасау саласындағы құрылымдық материалдарды өңдеу» мамандығы бойынша профессорлық ғылыми атаққа ие болды.

Бүгінгі таңда Нұргүл Темірғалиқызы «The Name in Science» Кавалері атағының және «Әлем ғылымына қосқан үлесі үшін» ордендік белгісінің иегері. Сондай-ақ, ғалымның есімі беделді ғалымдардың әлемдік реестріне енгізілген. Ал Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумының марапаттар жөніндегі департаменті Н.Т. Смайлованы әлем ғылым қауымдастығы алдындағы техника ғылымдарының дамуына қосқан үлесі үшін «Вильгельм Лейбниц» медалімен марапаттады. Сонымен қоса, Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы Нұргүл Темірғалиқызы халықаралық «Science» ғылыми электронды журналының редакциялық кеңесі құрамына кірді.

Жоғары оқу орындар мен ғылыми ұйымдардың ғылыми кеңестері профессорлық атаққа ұсынған кандидатураларын ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тағайындайды. Ал С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымы, профессор Нұргүл Смайлова өзінің металлдарды қысыммен өңдеу, металлдардың физикалық-механикалық өңдеуі, металл мен қорытпалардың пластикалық пішін өзгертуі үшін құрал-саймандар мен жабдықтар мәселелері туралы тың жұмыстарын терең зерттеумен көзге түсті.

С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Нұргүл Смайлова өзінің ғылыми еңбегі барысында білікті мамандар мен тәжірибелі ғылыми қызметкерлерді дайындауда көп еңбек сіңірді. Оның жетекшлігімен механикалық және физикалы-техникалық материалдарды өңдеудің технологиялары мен құрылғыларының өзекті мәселелері турасында 2 кандидаттық диссертация қорғалды.

Бүгінде Нұргүл Темірғалиқызының 75 ғылыми және ғлыми-әдістемелік еңбектері бар. Соның бірі ҚР БҒМ ұсынған 1 оқулық, 3 монография (LAP баспасы, Lambert Academic Publishing, Германия), шетелдік баспаларда жарияланған 13 ғылыми еңбектері, соның 4 мақаласы Томсон Рейтер компаниясының ақпараттық базасындағы (ISIwebofKnowledge, Thomson Reuters) халықаралық ғылыми журналында жарық көрді. Ал Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ұсынуымен халықаралық шетелдік конференциялардың (Ресей, Польша, Белоруссия) материалдарында 12 патент және 23 мақалалары жарияланған.

Аталмыш ғылыми атақтың сәйкестелген куәлігі еліміздің әрбір білім беру және ғылыми ұйымдарында мойындалады.