С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жастар ортасында діни сауаттылықты жетілдіру және діни экстримизмнің идеологиясына қарсы әрекет мәселелерін көтерген семинар-кеңестің кеңейтілген отырысында «Білім+» жобасы бойынша материалдар жинағының тұсауы кесілді.

Жинаққа жобаның тұсаукесерінің, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның, диалогтік алаңдардың, пікірталас жарысының және басқа ғылыми-практикалық іс-шаралардың, дәрістердің материалдары, және фоторепортаж бен орталық және жергілікті ақтқарушы органдар басқарушыларының пікірлері енгізілді.

Аталмыш жинақтың алғы сөзінде Қазақастан Республиксы Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы «Білім+» жобасын жүзеге асуына белсенді атсалысып, жобаға қанат бітірген С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаевтың қызметіне оң баға берді. «Тәжірибелі басшы, білікті ғалым Серік Мәуленұлы Өмірбаев басқаратын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттер арасындағы дінтанулық сауаттылықты жетілдіру мәселелеріне жан-жақты көңіл бөліп, тиімді де әсерлі шараларды жүзеге асыруымен ерекшеленуде. Бұл орайда университет жанынан құрылған этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығының үлесі зор», - деп орталықтың атқарған қыруар жұмысына да тоқталып өтті Айнұр Әбдірәсілқызы.

Сонымен қатар, Павлодар облысы Дін істері басқармасының басшысы Ержан Рахимжановтың атынан «Білім+» ақпарттық-ағартушылық жобасын жүзеге асыруына, діни сауаттылықты жетілдіру мәселелеріне жан-жақты көңіл бөліп, жастардың діни санасын, рухани бағдарларын қалыптастыруға үлес қосқаны үшін С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаевқа Құрмет грамотасын табыс етті.

Ал шара соңында «Білім+» жобасын жүзеге асыруға атсалысқан белсенділер марапатталды.

Тұсаукесердің қорытындысында, университеттің басшылығы атынан Жобаның қатысушыларына Алғыс хат пен сертификаттар табыс етілді.

Және аталмыш жинақта «Білім+» жобасының идеясын қолдағаны үшін С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор С.М. Өмірбаев Павлодар облысы әкімдігіне, ҚР Дін істері агенттігіне, Қазақстан мұсылмандары діни бақсармасына, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне, Философия, саясаттану және дінтану институтына, Павлодар облысы дін істері басқармасына, Павлодар облысы ішкі саясат департаментіне, Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» облыстық газеттерінің редакциясына, «Казахстанская правда» республикалық газетінің меншікті тілшілеріне және kаzinform.kz. халықаралық ақпараттық агенттігіне шын алғысын білдірді.

«Білім+» жобасының авторы, яғни құрастырушысы әрі үйлестірушісі С. Торайғыров атындағы ПМУ этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығы. Орталықтың басшысы Нұржамал Тышқанованың айтуынша жоба ерекшілігі ата-баба дәстүрі мен дінінен, отанға деген патриоттық рухынан, рухани-адамгершілік құндылықтарынан тамырлаған тағылымды насихаттауға бағытталған шараларды оқытушылар, магистранттар мен студенттер болып бірлесе отырып жасайтындығында болып отыр. «Бүгінде аталмыш жоба С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттерінен өзге де ел жастарының діни сауаттылығын ашу жолында табысты да жемісті қызмет етіп келеді. «Білім+» жобасының нәтижесі Павлодар мемлекеттік университетінің әрбір факультеттерінде «Бірлігіміз жарасқан!» ұранымен «Білім+» атты ақпараттық-ағартушылық топтар құрылып, студенттер мен магистранттар арасында діни сауаттылық деңгейін арттыру жұмыстары жүзеге асуда», - деді Нұржамал Сағадатқызы.

Бұл жоба жастарға діни салада болып жатқан тенденциялар жөнінде ақпарат беріп, деструктивтік және тоталитарлық бағыттағы дәстүрлі емес ағымдардың енуінің алдын алу, деструктивтік діни ағымдар мен идеялардың әсер етуіне ақпарттық-парасаттық иммунитеттің қалыптасуы сынды мақсаты толығымен орындады деуге әбден болады.

«Білім+» жобасы бойынша материалдар жинағының жарық көруіне С. Торайғыров атындағы ПМУ этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығы мұрындық болды.

Семинар барысында Этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің АҒПО мамандары қазақ, орыс тілдерінде дайындаған «Білу қажет» атты ақпартты бүктемелері студенттерге таратылды. Бүктемені дайындаған орталық маманы Айнаш Шаймерден және С. Торайғыров атындағы ПМУ гуманитарлық-педагогикалық факультет студенті Әділет Мейірманов. Бұл жұмысты көпшілік назарына Әділет Мейірманов таныстырып, таратты.