С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің черлидинг бойынша ПМУ «DIAMOND» командасы Алматы қ. өткен черлидингтен «Қазақстан 2014 Кубогы» республикалық сайысында бас жүлдені жеңіп алды.

Спорттық сайыс «Қазақстан ұлттық черлидинг федерациясы» РҚБ ұйымдастыруымен өтті.

Жарыс үздік черлидинг командасы мен Қазақстан Республикасының құрамасы үшін үздік спортшыларды анықтауды мақсат тұтты. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50 команда жас ерекшелігіне қарай төрт деңгей, 10 номинациялар бойынша сайысты. Турнирге еліміздің әр аймағынан Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және т.б. қалалардан черлидинг өнерін игерген 500-ге жуық қатысушылар қатысты.

Айтулы сайысқа ПМУ «DIAMOND» командасы С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік филармониясының ұйымдастыруымен қатысты.

Павлодар облысы черилдинг федерациясының президенті және С.Торайғыров атындағы ПМУ «DIAMOND» командасының жаттықтырушысы Мира Утельбаева команданың жетістіктерімен бөлісті.

– Павлодар мемлекеттік университетінің алғашқы черлидерлер ПМУ «DIAMOND» командасы екі ай бұрын құрылғанына қарамастан табысты жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Сайыста шеберлігі мен кәсібилігін көрсеткен С.Торайғыров атындағы ПМУ черлидингшілер командасы еліміздің әр аймағынан келген кіл мықты командалар арасынан топ жарып, үздік нәтижесімен университет намысын қолдан бермеді, - деді Мира Бейсенбайқызы.

Бүгінде черлидинг жеке дара спорт түрі мәртебесіне ие. Черлидинг – әдемі көріністерге толы әрі қызықты спорт түрі. Бұл командалық спорт болғандықтан, спорт биі ұжымның әрбір мүшесінен сенімділік пен өзара қол ұшын беруді талап етеді.

Екі күн бойы бірнеше аталымдар бойынша төрт жас шамасы тобындағы үздіктер анықталды. С.Торайғыров атындағы ПМУ командасы «Cheer dance show» номинациясы бойынша 16 жастан жоғары деңгейлі С дивизионында 1 орынға ие болды. Сондай-ақ, «Групп-стант» номинациясы бойынша А дивизионында ПМУ студенттері 1 және 2 орынды қанжығаларына ілді. Бұл сайыстардағы жеңістерде С.Торайғыров атындағы ПМУ «DIAMOND» командасының мүшелері Илья Печенко, Мадина Шарипова, Арнагүл Жагипарова, Мөлдір Мырзатаева, Альфина Нұркенова және Амина Кабиммолаеваны үздік деп танылды. Жеңіс тұғырынан көрінген команда мүшелері черлидинг бойынша Қазақстан Республикасы құрамасына қосылды.

Ал черилдингші спортшылар халықаралық деңгейді бағындыруды көздеуде. 2015 жылдың қаңтар айында команда черлидинг бойынша спорттық разряд алу үшін халықаралық жарыстарға баруды жоспарлап отыр.