С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде халықаралық төзімділік күніне орай «Төзімділік – ел дамуының өзегі» жастар акциясы шеңберінде дөңгелек үстел және «Мейірімділік және төзімділік жолымен» тақырыбында этикалық әңгімелесу өтті.

«Төзімділік – ел дамуының өзегі» жастар акциясы шеңберінде өткен дөңгелек үстелге С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасы мен «Бірлік» студенттік ассамблеясы мұрындық болды. Ал 14 қараша күні өткен «Мейірімділік және төзімділік жолымен» атты этикалық әңгімелесуді С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана қызметкерлері ұйымдастырды.

Мұндай шаралардың өтуіндегі мақсаты студенттік жастарды төзімділік турасындағы түсінікті, қоғамда толеранттылық қарым-қатынасты және тұрмыстағы төзімділік көзқарастарды қалыптастыру болды.

Дөңгелек үстел жұмысына С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері, Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанаты өкілдері қатысты. Кездесудің модераторлық қызметін ПС-302 тобының студенттері Эсет Хайхороева мен Қайрат Абдымов атқарды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті, дөңгелек үстел жұмысының модераторы Эсет Хайхороева жоғары оқу орнындағы әрбір ұлт өкілдерінің жастары тату-тәтті өмір кешіп келетіндігін және өзге ұлт өкілдерінің жан-жақты дамуына жағдай жасалғанын тілге тиек етті.

– Жастар толеранттылықты өзінше қарапайым түсінеді. Сондықтан, жастар бір-бірін ренжітпей, ұлтына, дініне, тіліне қарамастан бірлік пен келісімде өмір кешуде. Олар Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкіліне құрметпен қарап, бір-біріне деген сыйластықтың үлгісін көрсетіп келеді, - деді Эсет Хайхороева.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында АГР-101 тобының студенті Нуризат Фаткулина бүгінгі жастар арасындағы толеранттылық қарым-қатынас туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, жиылғандарға ТППЖ-202 тобының студенті Жанна Жүнісова Қазақстан халықтарының өзара бірлігі мен ұлтаралық келісімінің маңыздылығы турасында терең баяндап берді. Маңызды тақырыпты яғни, Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі туралы Жур-202 тобының студенті Махамбет Макулов баяндап берді.

Жастар толеранттылықты өзара талқыға салды. Төзімділіктің негізгі бағыттарын айқындап, өз ойларын еркін жеткізе білді. Осы орайда олар бір-бірін ренжітпеудің, тату өмір сүрудің, ұлтына, дініне, тіліне қарамастан Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкіліне құрметпен қарауға, әсіресе үлгілі болуға үндейтін қадір-қасиеттерді түсіндірді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана қызметкерлері Гүлжан Аманова, Елена Лиханова студенттермен кездесу барысында ұлттар арасындағы достық, келісім, бірлік турасында әдемі әңгіме өрбітті. Ал әңгімелесу соңында кітапхана қызметкерлері оқырмандарға ұлттар мен ұлыстар арасындағы төзімділік тақырыбын арқау еткен кітаптар мен мерзімдік басылымдар бетіне шыққан мақалаларды оқуға ұсыныс білдірді.