С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Астана қаласында өткен студенттер мен мектеп оқушыларының ғылыми жобалары халықаралық «Сократ» байқауында жүлделі орындарға ие болды.

Айтулы байқауға «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығы («Оқыту және дамыту» ЖК) мұрындық болды. Байқау сырттай қашықтықтан оқыту әдісінде өтті.

Сайыстың басты мақсаты – студенттер мен мектеп оқушыларының зерттеу жұмыстары мен жобаларын жазу арқылы білім сапасын көтеру, студенттердің шығармашылығын, танымдылық белсенділігін арттыру, студенттер арасында бәсекелестік тудыру, ғылыми зерттеу жұмыстары арқылы дарынды студенттер мен оқушыларды анықтау.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің география және туризм кафедрасының профессорлар-оқытушылар құрамы, магистранттары мен студенттері байқауға бірненше жобаларды дайындады.

Дегенмен, байқауға қатысқан жобалар арасында «География және туризм» кафедрасының аға оқытушысы Шынар Кәкежанова жетекшілік еткен Г-301 тобының студенттері Сабина Абдрахманова, Қуаныш Жаксалыков және Дияс Ураздың «Зерттеудің жаңа әдістерін қолдану арқылы жергілікті жердің метеорологиялық ерекшіліктерін зерттеу (Павлодар облысы мысалында)» атты жобасы «Жас сарапшы» номинациясында жеңімпаз атанып, ІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Сондай-ақ, г.ғ.к., профессор Антонина Царегородцева жетекшілік еткен МГ-22 тобының студенті Айгүл Ракишева, Г-302 тобының студенттері Алтынай Досмадиярова, Дария Мулявка мен Айзада Зинегабиденованың «Баянауыл ұлттық табиғи паркінің (Сабындыкөл мысалы бойынша) аквальді ландшафтының рекреациялық жүктемесін бағалау» жұмысы үздіктер қатарынан көрініп, ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.