С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Foundation» факультетінің білім алушысы спорттық акробатика бойынша халықаралық турнирінде жеңіске ие болды.

Брест қаласында өткен КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы В.П.Коркин атындағы спорттық акробатика бойынша ХVIII халықаралық турнирде «Foundation» факультетінде білім алушы Дмитрий Федькович бірінші орынға ие болды. Халықарлық жарыста аралас жұпты жаттығулар бойынша қарсыластарын басып озып, турнирдің бас жүлдесіне ие болды.

Турнирге Қазақстан, Ресей, Беларус, Молдова және Украина елдерінің 200-ге жуық спортшылары қатысқан бұл додада павлодарлық акробатшылар үздік деп танылды.

Дмитрий Федькович бен Ангелина Яницкаяның жұбының бұл алғашқы жеңісі емес. Олар көптеген беделді спорттық сайыстар мен халықаралық турнирлерде қанжығаларына ірі жеңістерді іліп келген. Бұл жұп 2014 жылдың шілде айында Париж қаласында өткен спорттық акробатика бойынша әлем чемпионатының жүлдегері атанған.