Барнаул және Бийск қалаларында өткен «Туризм саласын дамытудағы тарихи-мәдени мұраларды ықпалдастыру мәселелері» ғылыми-тәжірибелік конференциясы жұмысына С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «География және туризм» кафедрасының оқытушысы Гүлмаржан Қасенова қатысты.

Аталмыш конференция 16 қазан күні Барнаул қаласында, 17 қазан күні Бийск қаласында өтті. Ғылыми конференцияға Алтай мемлекеттік университеті мен Алтай өңірі бойынша туристік-рекреациялық және шипажай-курорттық басқармасы мұрындық болды.

Айтулы конференция Алтай өңірінің мәдени-танымдық даму беталысын талқылау және саралауды, туризм саласындағы мәдени-тарихи мұраларды ықпалдастыру мәселелерін шешу бойынша тәжірибе алмасуды мақсат тұтты.

Барнаул қаласында өткен конференция жұмысы барысында ғалымдар мен халықарлық сарапшылардың басын қосқан пленарлық және секциялық отырыстар жұмыс істеді. Сондай-ақ, конференция жұмысы Бийск қаласында жалғасын тапты. Мұнда туризм саласының мамандары мен сарапшылары «Туризм саласында сібірлік қалалардың тарихи-мәдени мұраларын қолдану» атты дөңгелек үстел өтіп, конференцияға қатысушылар мен қонақтарға арнайы экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылды.

Конференция ұйымдастырушыларымен шақырылған С.Торайғыров атындағы ПМУ «География және туризм» кафедрасының аға оқытушысы Гүлмаржан Қасенова «Павлодар облысының туристік-өлкелік қызметін бағалау және даму келешегі» баяндамасы мен тұсау кесерін ұсынды.

Гүлмаржан Қаребайқызының айтуынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуға себепші болатын ғылыми конференциялар екі ел ғалымдары үшін де маңызды шара болды. «Туризм саласын дамытудағы тарихи-мәдени мұраларды ықпалдастыру мәселелері» тақырыбында өткен ІІ ғылыми-тәжірбиелік конференциясы ғалымдардың тәжірибе алмасуына, мәдениет және туризм салаларында халықаралық әрі өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға зор септігін тигізгені хақ», - деді С.Торайғыров атындағы ПМУ оқытушысы Гүлмаржан Қасенова.

Туризм саласы мамандарын басын біріктірген бұл кездесуде ғалымдар тұщымды ойлар айтып, өзекті мәселелердің шешімдерін қарастырды. Шара соңында конференцияға қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік имиджді қалыптастыруда нәтижелі көрсеткіштерге жетелейтін ғылыми конференцияларды жыл сайын өткізу қажет деген ортақ шешімге келді.