2014 жылдың 23, 24 және 27 қазан күндері С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде докторанттар мен магистранттар үшін ғылыми зерттеулердің әдіснама және әдістеме мәселелері бойынша ғылыми семинар өтті.

Аталмыш семинар магистрлік және диссертациялық жұмыстардың заманауи талаптарға сай келуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, өзекті тақырыптарға арқау болатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазуға жол ашу мақсатын тұтты.

Семинардың жұмысын жаратылыстану ғылымдарының бағыты бойынша а-ш.ғ.д., профессор Ұлан Альмишев, техника бағыты бойынша техн.ғ.к., доцент Алексей Богомолов, гуманитарлық бағыт бойынша т.ғ.к., доцент Нұркен Күзембаев жүргізді.

Семинар барысында диссертациялық зерттеу жұмыстарын жазуға дайындық, диссертациялық жұмыстың өзектілігі мен зерттелу деңгейі, жұмыстың жазу стильі, заңнамалық тұжырымдамасы, диссертациялық жұмыстың жазу әдіснамасы мен әдістемесі, және де магистранттың ғылыми-зерттеу жұмысына қойылатын талаптардың мәселелері терең талқыланды. Сондай-ақ, барлық көтерілген мәселелерге қатысты толық түсініктемелер берілді.

Магистранттар мен докторанттар оқыту бағдарламаларында ғылыми-зерттеу және жалпы білім беру дайындығы қамтылған. Ал бүгінде ғылыми-зерттеу жұмысы міндеттерге сай шешімдердің заманауи әдістерін қолдану арқылы алдағы уақыттағы ғылыми, оқытушылық және жетекшілік жұмыстармен айналысатын мамандарды дайындауға бағытталып отыр. Оқу аяқталған соң ғылыми зерттеу жұмыстары диссертация түрінде рәсімделеді.