С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің спортшылары Павлодар облыстық Универсиадасынан қанжығалары бос қайтпай, жалпы командалық есеп бойынша күміс жүлделі орынға ие болды.

17-20 қазан аралығында өткен Универсиадаға қатысушы командалар спорт ойындарының 10 түрі бойынша сайысқа қатысты. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының спорттық алаңдарында өткен спорт сайысында үлкен теннис, волейбол, мини-футбол, шахмат, баскетбол, армрестлинг, үстел теннисі, футбол, тоғызқұмалақ, қазақша күрес бойынша бес күн бойы жүлделі орындарға тартысты талас жүрді.

Облыстың кіл мықты спортшы студенттерінің басын қосқан жарыста С.Торайғыров атындағы ПМУ құрамасы үздік нәтиже көрсетті. Қыздар арасындағы үстел теннисі (қыз.), ерлер арасындағы армрестлинг, ерлер арасындағы баскетбол, қыздар арасындағы волейбол (қыз.), қыздар және жігіттер арасындағы шахмат бойынша жүлделі орындарды қанжығаладық.

Павлодар облыстық Универсиаданың күміс жүлдесі – ІІ орынды С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің тоғызқұмалақ, үстел теннисі (ер.), қазақша күрес бойынша құрама командалары иеленді. Қола жүлде – ІІІ орынға мини футбол, волейбол (ер.), баскетбол (қыз.), футбол командалары ие болды.

Кешенді есеп бойынша Павлодар мемлекеттік университетінің құрама командалары ІІ орынға жайғасты. С.Торайғыров атындағы ПМУ командасы жалпы командалық есепте ІІ орын Кубогімен марапатталды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ «Сұңқар» спорттық клубының төрағасы Жаудат Аблеев:

– Біздің студенттердің универсиададағы жетістіктері ойымыздан шықты. Бұл сынды спорттық бәйгелерде спортшыларымыз бабын табады, көзге түседі, Қазақстанның ұлттық құрама командаларында өнер көрсетулеріне жол ашылады деп есептеймін, - деді ол өз сөзінде.