С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы Әбілхан Қарақаев кәсіпорын өкілдері алдында өзінің ғылыми жобаларының тұсау кесерін ұсынды.

Аталмыш кездесу «Павлодар облысының индустриялды-инновациялық даму басқармасы» ММ және С. Торайғыров атындағы ПМУ Ғылым және инновация департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Іскерлік-кездесудің мақсаты – жаңа бағыттағы ғылыми жұмыстарды анықтап, тың жобаларға кәсіпорын өкілдері мен инвесторларды тарту.

Абылхан Қосмұрзаұлы 1000-ға жуық ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстарының және басқа да басылымдардың, 3 монографияның, 20 оқу әдістеменің авторы. Сондай-ақ, ғалым 90 авторлық куәліктердің және КСРО, РФ және ҚР инновациялық патенттерінің иегері. Абылхан Қаракаев 2013 жылдың өтінімдері бойынша өнертабыстық жұмысқа 17 өтініш білдірген. Сол жылдың өзінде барлық өтінішіне оң жауап алып, инновациялық патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды. Өнертапқыш ғалымның 2014 жылы зор жетістігі ретінде «Шапағат» республикалық өнертабыс байқауындағы ЖОО ғалымдарымен бірлескен ұжымдық жеңісін атауға болады. Аталмыш байқауда Абылхан Қаракаев «Ең белсенді өнертапқыш» номинациясының иегері және Республикалық «Инновациялық форсаж» инновациялық бизнес-жобалар байқауында жеңімпаз атанды.

Кездесу барысында техн.ғ.д., профессор Әбілхан Қарақаев патентпен қорғалған өзінің 7 жобаларының тұсауын кесті. Әбілхан Қосмұрзаұлы жылу жүйесіндегі саңлаусыз қақпақты су сіңбейтін бүріккі (ЖЖ СҚС) (бездренажный фарсунка с глухим колпаком) зерттеу жұмысының маңыздылығы мен жаңашылдығына тоқталып, «Дизелді отын жүйесі құрылғыларының әдістері» атты баяндамасымен таныстырды.

Мұндай іскерлік кездесулер ғалымдар, сарпашы мамандар, билік өкілдері мен кәсіпкерлер үшін таптырмас ашық алаң болатыны хақ. Өйткені кездесу аясында ғалым қолынан шыққан жобаның нарықтағы қажеттілігі мен келешектегі ғұмыры шешіледі.

– Мұндай ғылым мен бизнес арасында көпір салатын кездесулер еліміздің инновациялық экономикасының дамуына өз септігін тигізеді, - деді т.ғ.д., С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті көліктік техника және логистика кафедрасының профессоры Әбілхан Қарақаев.

Жоба тұсау кесерінен кейін С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымы мен кәсіпорын өкілдері арасында еселі диалог орнады. Кездесу аясында екі жақ алдағы уақытта ғылыми жобаларды жүзеге асыру барысында бірлесіп жұмыс істеу және өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді.