2014 жылдың 21 қазаны күні Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 1 курс студенттерін университет студенттері қатарына салтанатты түрде қабылдауы өтті.

Гала концерттік бағдарламаға С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен Студенттік филармония ұжымы қатысты.

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін студенттік өмірді жаңа бастаған студенттерге С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев жүрекжарды құттықтау лебізін арнады. «С.Торайғыров атындағы ПМУ 66 бакалавриат, 47 магистратура, 5 докторантура мамандықтары бойынша мамандарды дайындайды. С.Торайғыров атындағы ПМУ 19 және 16 оқу бағдарламаларына сәйкес қосарлы әрі көптілді білім беру бағдарламалары бойынша білім береді. 2014 жылдың өзінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде 75 студент, 70 магистрант шетелде білім алып келді. Ал шетелдік дәріскерлерді университетке шақырту бағдарламасы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттеріне ғылыми жұмыстармен айналысуға, әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдарының ғылыми жобаларымен, зерттеу жұмыстарының тың бағыттарымен танысу мүмкіндігіне жол ашады. Сондықтан С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттеріне білім, ғылым көкжиегін бағындырып, кәсібін шебер ұштай алуға бар мүмкіндіктер жасалған», - деп ПМУ студентінің мүмкіндіктеріне айырықша тоқталды.

2014 жылдың 8-17 қазаны аралығында университетте факультеттер арасында шығармашылық байқау өтті. Байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені Агротехнологиялық факультеті жеңіп алды. Бірінші орынды Металлургия, машинажасау және көлік факультеті қанжығасына байлады. Ал Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің студенттері екінші орын иегері деп танылды. Үшінші орынды гуманитарлық-педагогикалық факультет иеленді. Ерекше өнерімен тамсандырған өнерпаздарды алғыс хаттар мен дипломдармен марапаттады.

С.Торайғыров атындағы ПМУ Ертістің Павлодар өңіріндегі алғашқы жоғары оқу орын. Әлі күнге дейін жоғары мектеп Павлодар облысында кәсіби білікті мамандарды даярлап келеді. Ал бүгінде оқу орда Республика бойынша төрт жыл бойы үздік бес жоғары оқу орындары қатарынан бой түзеуде. Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Қазақстан Халықтары ассамблеясы, Жастар ісі бойынша комитеті, студенттік радио, дебаттық клуб, КТК, жастар қоғамдық бірлестігі, еңбек және спорт секцияларында өздерін шығармашылық және кәсіби қырынан танытып келеді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті – білім алып, ғылыммен айналысып, еңбекті сүйіп, студенттік өмірін қызықты да танымды өткізуге құштар тұлға. Сол себепті оқу орданың студентіне білікті маман, ұшқыр ойлы ғалым, мәдениетті әрі өнегелі азамат болуы үшін университет барынша жағдай туғызған.

Руфина Торпищеваның фотосы