2014 жылдың 14 қазан күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасында павлодарлық ақын Наталья Щепко студенттермен кездесті.

Өңіріміздің поэзия сүйер қауымы арасында Наталья Щепконың шығармашылығы көпке танымал. Ол славян мәдени орталғында өткен жыр додаларына, цветаевтық алауға қатысып, көпшілікке өнерін паш етіп жүрген жан. Оның шығармашылқық кештері қаламыздың кітапханларында өтіп, жергілікті баспа беттерінде оның өлеңдері жарияланып тұрған.

Наталья Щепко Павлодар қаласында 1987 жылдан бері тұрады. Ол кітапхана меңгерушісі, ұстаз болып қызмет етті. Бүгінгі күні орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде.

Кездесу барысында Наталья Щепко жыр сүйер студенттік жастарға өзінің шығармашылығы мен өмірі жайлы сыр шертті. Сырға толы, сезімге толы жырларын оқып берді. Сондай-ақ, ақын студенттерді өзінің шабытты өлеңдерінің құпияларымен қанық етті. «Менің ақын болып қалыптасуыма қазақстандық ақын В.Г.Семерьянов, ақын әрі журналист О.Н.Григорьеваның туындылары ықпалын тигізді. Бұл ақындардың жыр жолдарынан нәр алдым. Ақын шығармалары шабытыма қанат бітірді», - деп ағынан жарылды Наталья Васильиқызы.

Кездесуге С.Торайғыров атындағы ПМУ физика, математика және ақпарттық технологиялар факультетінің студенттері, магистранттары, С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана қызметкерлері қатысты. Шара аясында Пазылова Айдана (РЭиТ-302 тобы), Козкина Айгерім (ФиЛ-302 тобы), Косенкова Наталья (ФиЛ-302 тобы), Жұмахан Алия (АГР-302) және т.б. студенттер автордың лирикаға толы жыр шумақтарын оқыды. Сонымен бірге, кештің құрметті қонағы Наталья Щепко жастардың сұрақтарына жауап берді.

Кеш соңында С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың көркем әдебиет бөлімі қызметкері Елена Лиханова жиылғандарға ақынның шығармашылығына арналған «Ертіс өңірі, неткен ғажап ең!» көрмесімен таныстырды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен павлодарлық ақын Наталья Щепко арасында өткен кездесу өз мақсатына жетті. Жастар ақынның шабытты жырлары арқылы еліне, қаласына, туған жеріне деген махаббат пен адалдықты бойына сіңірді, жастарға ой салды, өміріне бағыт, өнеріне шабыт сыйлады.