2014 жылдың 13 қазан күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев «Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы» тақырыбында ашық дәріс оқыды.

 Ашық дәріске С.Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Инновациялық Еуразия университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инжинерлік-техникалық институтының студенттері, Павлодар өңірінің жастар және қоғамдық ұйымдары төрағалары, Павлодар облысы Жас ғалымдар Кеңесі және Жас мемлекеттік қызметкерлер Кеңесінің өкілдері қатысты.

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңір келешегінің дамуына қатысты түйткілді мәселелерді қозғап, жиылғандарды облыстың өркендеу жолындағы көптеген салалардың жоспарларына қанық етті. Мұнымен қоса, студенттік жастармен кездесу барысында Қанат Алдабергенұлы жастарға келелі кеңес беріп, болашақ мамандардың өзекті сұрақтарына жауап берді. «Біздің өңіріміздің еңбек нарығы үшін химиялық және тау-кен салалары мамандықтары сұранысқа ие. Сондықтан мамандық таңдауда әрбір болашақ маман өзіндік сараптама жасуы қажет. Бүгінгі жастар өмір толқынымен жүре беруден аулақ болып, білімі арқылы қоғамға пайдасын тигізіп, белсенді өмір сүргені абзал. Өйткені бүгінде білім – ең маңызды тауар», - деп жасатрға тұщымды кеңестер берді облыс әкімі.

Жиылған көпшілік алдында С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев ертеңгі күнгі қоғамының төл өкілі және жаңа Қазақстанды қалыптастыратын да бүгінгі өскелең ұрпақ екенін атап өтті. «Сіздер, бүгінгі жастар – еліміздің ертеңгі ғылыми әлеуеті, біздің зияткер элитамыз. Ғылымдағы түбегейлі өзгерістер кезеңі сіздердің ұрпаққа тиесілі болатынына сенімдімін. Таяудағы онжылдықта барша адамзатты таңқалдыратын коперниктер мен эйнштейндер шығатыны даусыз», - деп ескерді Серік Мәуленұлы.

Сондай-ақ, дәріске Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариев, әлеуметтік және экономикалық сауалдар бойынша Павлодар облысы әкімінің орынбасары Ғани Сәдібеков, Павлодар қаласы әкімі Болат Бакауов, Павлодар облысы әкімі аппаратының жетекшісі Расул Оразгулов және тағы басқалары қатысты.

Дәріс соңында облыс басшысы Қанат Алдабергенұлынан Павлодар өңірінің студенттік жастары мен белсенділері өздерін мазалап жүрген сауалдарына нақты жауап алды. Студенттер жолақы, экология, Павлодар облысы Әкімі стипендиясы, әкім қызметінің кемшіліктері мен артықшылығы, өңірдің мақсат-аяндарына сай сан алуан сұрақтар қойды.

Павлодар облысы Қанат Бозымбаевтың дәрісін тыңдаушылар зор ықыласпен қабылдады. Аталмыш дәріс білім мен ғылымды тоғыстыра білген бастамашыл студенттердің өз Отанының дамуына серпін беретін жаңа жобалармен айналысуға жол ашатынына сенімдіміз.

Руфина Торпищеваның фотосы