С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттік өзін-өзі баскару аясында Жастар ісі жөніндегі комитет «Күзгі күйзеліске қарсымыз» акциясын өткізді.

Ол акцияның басты мақсаты студенттер арасында көтеріңкі көңіл күй сыйлау, өз-ара татулықты нығайту болып табылады. Күзгі уақытта студенттер арасында оқуға деген ынта-зейіннің төмендеуі, шаршаңқылық, әлсіздік пен көңілсіздік жиі белең алады. Бұл шара студенттік жастар арасындағы күзгі күйзелістерді жеңуді мақсат тұтты.

Акция барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі жөніндегі комитет белсенділерімен позитивті әрі танымды қабырға үн қағаздары салынып, университет қабырғаларына ілінді. «Құшақта да орнына чупа чупс ал» жазуы жазылған қағаздарды ұстаған студентті құшақтаған жанға чупа- чупс тәттісін таратты. Жастар арасындағы бұл ойын студенттерге көтеріңкі көңіл-күй, күні бойына шаттық сыйлады. Көп студенттер ойламаған жерден тосын сый алып, көңілдері көтеріліп, ерекше әсер алды. «Күзгі күйзеліске қарсымыз» акциясы әлі де жалғасын табатынына жастар сенімді.

Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Ақбота Сарыбай студенттерге күзгі күйзеліске шалдықпаудың амалдарын ұсынды. «Қымбатты студенттер! Күзгі күйзелістің алдын орап кету үшін бойларыңыз күш-қуатқа толы болғаны абзал. Жаңа идеяларды, тың бастамаларды бастаудан қашпаңыздар. Барлық істің қайырымы барын естен шығармасаңыз игі. Спортпен шұғылданып, көп уақытыңызды таза ауада өткізу Сізге шаттық пен сергектік, күш-қуат пен жігерлі рух сыйлайды», - деп келелі кеңесінен аянып қалмады Ақбота Сарыбай.