2014 жылдың 4 қазан күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенділері Павлодар облысы «Шақат» отбасылық негізіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті.

Бұл игі қадам балалардың көңіл-күйін көтеруді, олармен тренингтер өткізуді және достық қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтты.

Кездесу барысында Жастар ісі жөніндегі Комитет белсенділері балалармен түрлі ойындар, психологиялық тренингтер өткізді. Осы арқылы балалардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, көңілдеріне сенім ұялатты, өмірге деген құлшынысын арттырды.

Сондай-ақ, комитет төрайымы Сарыбай Ақбота балдырғандарға өмірлік кеңестер бере отырып, өзінің жүрекжарды лебізін арнады. «Балалар – мемлекетіміздің ертеңі, іргелі мемлекеттің діңгегі, еліміздің жарқын болашағы. Сондықтан, Сіздерге қамқорлық таныту, Сіздерді қолдау, қиын сәтте Сіздермен болу – ертеңгі күнге салған кепілді инвестиция деп білемін. Келешегімізді жарқын, мемлекетімізді бәсекеге қабілетті ел қатарынан көруіміз үшін еліміздің балдырғандарының бүгінгі күнін жарқын, шаттыққа толы етуге міндеттіміз», - деді өз сөзінде Ақбота Маратқызы.

Кездесу соңында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенділері жеткіншіктердің спортқа жақын болып өсуін ниет етіп, ойын алаңына қажетті футбол, воллейбол, баскетбол доптарын сыйға тартты.