2014 жылдың қазан айының басында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті агротехнологиялық факультетінің студенті Сағынтай Ернұр студенттік құрылыс және «Жасыл Ел» жастар жасақтары арасында өткен «Жасыл Елдің» үздік сарбазы» байқауында «СҚЖ Үздік сарбазы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды

Аталмыш байқауды Павлодар облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен студенттік құрылыс және «Жасыл Ел» жастар жасақтарының Павлодар облыстық штабы ұйымдастырды.

Сағынтай Ернұр – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндеу технологиясы» мамандығы бойынша білім алып жүрген Павлодар мемлекеттік университетінің 3 курс студенті. Ол бүгінде С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік ректоры, Павлодар мемлекеттік университеті кәсіподағының спорттық-сауықтыру комиссиясының өкілі. Ол жастар мен университет, деканат арасында байланыс орнатуда ұйымдастырушылық қабілетін байқатып келеді.

Сағынтай Ернұр қоғамдық және университеттік жұмыстарды белсенді атқарумен қатар, спортта, оқуда, ғылым жолында да жауапкершілік танытып, жетістіктерге жетуде.

С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен көптеген байқауларға қатысып, университеттің өміріне белсене атсалысып, өзін тек жақсы жағынан көрсетуден танған емес. Әдеби кештерде өзінің шығармашылық қабілетімен көзге түсіп, «ПМУ сұлтаны» байқауында парасаттылығын байқатты.

Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған спорт сайысында үстел теннисі бойынша 3 дәрежелі дипломмен, XIV Сәтбаев оқулары халықаралық ғылыми конференция жұмысына белсенді араласқаны үшін алғыс хатпен марапатталған.

Мұнымен қоса, Сағынтай Ернұр 2013 жылдан бері «Жасыл Ел» қозғалысының белсенді мүшесі, СҚЖ белсенді сарбазы. 2013 жылы Павлодар облысының студенттік құрылыс және «Жасыл Ел» жастар жасағы штабы Сағынтай Ернұрға алғыс хат табыс етіп, жас құрылысшыны Құрылысшылар күнімен құттықтап, факультет деканы мен Ернұрдың ата-анасына өнегелі де еңбекқор баланы тәрбиелегені үшін алғыс жаудырды.

Ол жас құрылысшылар жасағындағы еңбегі үшін бірнеше рет қаржылай марапатқа да ие болды. Оның табысты еңбегі турасында «Сарыарқа самалы» газетінде «Студенттер өздеріне үй тұрғызуда» атты мақаласы жарияланды. Сондай-ақ, ол радио-теле бағдарламаларда «Жасыл ел» жұмысы туралы сұхбаттар берді.

«Жасыл Ел» жасағындағы табысты еңбегінің арқасында Астана қаласында өткен Республикалық IV «Жасыл Ел» еңбек маусымының жабылуының салтанатына қатысты. Бүгінде «Жасыл Ел» облыстық штабының басқа да сарбаздарымен бірге концерттік бағдарламаммен Павлодар облысын аралап, «Жасыл Ел» насихаттық жасағында табысты қызмет етуде.