С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қосарлы білім беруді дамыту шеңберінде металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенттері Павлодар облысының ірі металлургиялық кәсіпорыны «KSP Steel» ЖШС кадрлар бөлімі бастығы, инженерлерімен кездесті.

Қосарлы білім берудің негізгі мақсаты – С.Торайғыров атындағы ПМУ және өндірістік кәсіпорындарда қатар білім алуды жүзеге асыру арқылы студенттердің бәсекеге қабілетті білікті маман етіп дайындау.

«Металлургия» кафедрасының студенттерінің қосарлы білім алуы 2012-2013 оқу жылынан бері «KSP Steel» ЖШС-да табысты жүзеге асып келеді. «Металлургия» кафедрасындағы «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандығының бакалавриаты бойынша білім алып жүрген студенттер үшін тәжірибелік және зертханалық сабақтары «KSP Steel» ЖШС өндірістік цехтары, зертханалары мен оқу орталықтарында өтуде.

Мұнымен қоса, алғаш рет биыл С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттерінің дипломдық жобаларының қорғауы «KSP Steel» ЖШС қабырғасында өтті.

Кездесу кәсіпорынның кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Наила Загрутдинова, қызметкерлерді басқару және жоспарлау бөлімінің басшысы Ғалия Үсенова, электроболат балқытпа цехының аға шебері Игор Павлов, құбыр илемдейтін өндірістің инженер-технологы Дамир Шакеновтың қатысуымен жүзеге асты.

Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері кездесу барысында жұмыс берушілермен бетпе-бет әңгіме жүргізіп, еңбек нарығының талаптары мен жағдайынан қанық болды.

Кәсіпорынның кадрмен қамтамасыз ету қызметінің басшысы Светлана Кайдаштың айтуы бойынша, студенттерге қосарлы білім беру аясындағы С.Торайғыров атындағы ПМУ және «KSP Steel» ЖШС арасындағы ынтымақтастық өңіріміздің әлеуметі мен экономикасының дамуына бағытталған ортақ ісіміз үшін және кәсіпорынға білікті де тәжірибелі мамандарды табуға өз пайдасын тигізуде.