С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Халықаралық Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Қалыптасқан игі дәстүр бойынша іс-шараға С. Торайғыров атындағы ПМУ әкімшілігі, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және облыс ардагерлері қатысты.

Жыл сайын 1 қазанда әлем жұртшылығы Қарттар күнін атап өтеді. Бұл тамаша дәстүр ардагерлердің қоғам өмірін дамытуға қосқан үлесін атап көрсетсе, екінші жағынан аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық болып табылады.

Мереке барысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Дамыту стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Әкішев қарияларға баянды да берекелі және шаттыққа толы ғұмыр тіледі. Өзінің құттықтау сөзінде Арман Айтмұхаметұлы: «Қария адамдарға құрмет көрсету біздің халқымызда ежелден бар игі дәстүр. Себебі олар еліміздің алтын қоры, отансүйгіштік мен ізгіліктің үлгісін паш етушілер, ел игілігін мақсат еткен ортақ ісімізге адал. Бұл адамдар бүкіл ғұмырын еңбекке, балаларын тәрбиелеуге арнаған. Олардан эстафета қабылдаған бүгінгі ұрпақ ата-аналарының бастаған ісін жалғастыруда. Сондықтан да осындай ерен енбегі үшін қарияларға ризашылық білдіреміз. Олардың көбі әлі де қатардан қалмай еңбек етіп келеді».

Сонымен қатар, Павлодар мемлекеттік университетінің Кәсіподақ кеңесі төрайымы Гүлнар Шамшудинова, «Механика және мұнайгаз ісі» кафедрасының профессоры, техн.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанахутдинов Бари Ғазизұлы өскелең ұрпаққа мағыналы да тағылымды әңгіме жүргізді.

Мейрамға шақырылған қарияларды Ертістің Павлодар өңірін зерттеп жүрген белгілі өлкетанушы, Павлодар қаласының құрметті азаматы, т.ғ.к., тыл еңбеккері Мария Тереник құттықтап, жастарды тарихи және ұлттық салт-дәстүрлерімізге құрметпен қарауға шақырды. «Өткен күндердің естеліктерін сақтап қана қоймай, бізді жарық дүниеге әкелген асыл жандарға көңіл бөліп, қолдау таныту біздің борыш», - деп атап өтті Мария Серафимқызы.

Халықаралық Қарттар күннін тойлау Павлодар мемлекеттік университетінің ізгі дәстүріне айналды. Мереке иелерін оқу ордамыздың басшылығы мен профессор-оқытушылармен қоса студенттік белсенділер де құттықтады.

Қарттар күні мерекесі құрметіне ардагер апаларымыз бен аталарымызға қаржылай көмек көрсетіліп, естелік сыйлықтар мен шоқ гүлдер ұсынылды.

Мұнымен қоса, С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік кәсіподақ белсенділерінің ұйымдастыруымен қарияларға арнап азық-түліктер жеткізілді. Студенттер С.Торайғыров атындағы ПМУ ардагері Гүлмира Елужанова апамыздың үй шаруасынна көмектесіп, қарияның ақ батасын алып қайтты.