2014 жылдың 1 қазан күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жоғары оқу орнының оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған «Ұлытау етегіндегі ой толғау» атты конференция өтті.

2014 жылдың 24 тамызында Мемлекет басшысы Жезқазғанға барған арнайы іс-сапары аясында «Хабар» Агенттігіне сұхбат берді. Елбасы әңгіме барысында руханияттан бастап, саяси-экономика, ел тарихы, тіл мәселесі туралы ой қозғады.

Сондықтан да, С. Торайғыров атындағы ПМУ-да аталмыш конференция ашылып, Қазақстанның бүгінгі барлық табыстары мен жетістіктері Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметімен тікелей байланысты екенін зор сеніммен айтылды.

Конференцияның пленарлық отырысында С. Торайғыров атындағы ПМУ Даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмысы жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев Ұлытау төріндегі Елбасымыздың берген сұхбаты барысында қазақстандықтардың руханиятынан бастап мәдени-тарихи мұраларына дейін Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан тыс қалмағанын атап өтті. «Қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің идеологиялық іргетасы ұлтымыздың рухани және мәдени мұралары екені анық. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау және өскелең ұрпаққа аманат ету біздің кәсіби әрі азаматтық борышымыз. Сондықтан, нақ біздер ата-бабамыздан жеткен рухани мұрамыздың ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне жауаптымыз. Бұл жауапкершілікті түсіну, еліміздің өткеніне құрметпен қарау – университет ғалымдарының азаматтық ұстанымы», – деп қада айтты өз сөзінде Арман Айтмұхаметұлы.

Конференция жұмысына құрметті қонақ ретінде «Нұр Отан» ХДП Павлодар қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Арман Ешмұратов қатысып, «Заманауи шақыртулар мен қауіпсіздік мәселелері» тақырыбында баяндама оқыды. Сонымен қоса, Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары: «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Қайрат Батталов «Тарихтың сынынан өткен ұлы құндылықтарымыз», Бизнес және құқық факультетінің деканы, техн.ғ.к. Тахир Эрназаров, «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулина «Мемлекеттік тіл қызметі – мемлекеттілікті нығайту кепілділігі», «Философия және әлеуметтік пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философ.ғ.к. Гауһар Ахметова «Конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі» тақырыптарында баяндама оқыды.

Конференция жұмысы барысында көпшілік назарына «Жаңа дәуірдің көшбасшысы» көрмесі ұсынылды.