2014 жылдың 29-30 қыркүйек күндері С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде дәріскер э.ғ.к., доцент Сәділбек Үсеновтың магистранттар, докторанттар мен ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы үшін «Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен қазақстандықтардың өмірі» атты дәрістері өтуде.

Сәділбек Үсенов көптеген басылымдардың, соның ішінде «Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен қазақстандықтардың өмірі» кітабының авторы. Сәділбек Үсеновтың бұл еңбегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасы қорында сақтаулы.

Дәріскер Мемлекет басшысының «Ғасырлар тоғысында», «Қазақстан жолы» еңбектеріне терең тоқталды: «Бұл еңбектер арқылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жолы дамуының бүге-шігесіне дейін, яғни, мемлекеттің қалыптасу кезеңдерінің маңыздылығын байқауға болады. Бүгінде «Жалпы Ортақ Еңбек қоғамына 20 қадам», «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» сынды елдің даму бағдарламалары жемісті еңбек етіп келеді».

Өз дәрісінде Сәділбек Ақылбекұлы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға, саясаттан жоғары тұратын экономика, қоғам мен мемлекеттің эволюциялық және революциялық емес дамуы туралы қызықты да танымды дәйекті деректер келтірді.

Тыңдармандар дәріскердің өзекті мәселелерді қозғай отырып, нақты деректерге сүйеніп тақырыпты жан-жақты аша білгеніне тәнті болды.