2014 жылдың 20 тамыз күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ұсынысы бойынша «Қазақстандағы жаңа діни қозғалыстар» тақырыбы бойынша мемлекеттік бюджеттік ғылыми-зерттеу жобасын іске асыру жолдары турасында ашық талқылау өрбіді.

Ашық әңгімеге отандық ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен дініи бірлестіктердің жетекшіліері мен қызметкерлері қатысты.

Ашық талқылау модераторлары: «Қазақстандағы жаңа діни қозғалыстар» жобасының ғылыми жетекшісі филос.ғ.к. Майра Кожамжарова, Философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, филос.ғ.к. Гауһар Ахметова.

Ғылыми шараның жұмысына С.Торайғыров атындағы ПМУ Ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов қатысты.

Жобаның ғылыми жетекшісі Майра Жанайдарқызы өз баяндамасында жоба жұмысынан хабардар етіп, ғылыми-зерттеу іс-шаралары туралы толық ақпарат берді. Ғалым көпшілікті зерттеу еңбегінің барысымен және нәтижелерімен таныстырды: ғылыми жоба бойынша жұмыс тобының мүшелерімен Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында әлеуметтік зерттеулер өткізілді. Зерттеу нәтижелері жастардың діни көңіл-күйі мен басымдықтарының біртұтас көрінісін және қазіргі Қазақстанның аумағында діни үрдістердің ерекшелігін айқындауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жобаның жетекшісімен қорытынды материалдың композициялық құрылымын көруе мүмкіндік беретін монографияның болашақ макеті көрсетілді.

Айтулы тақырыпты ашық талқылауға Павлодар облысы дін істері басқармасының ақпараттық-талдамалы жұмыс бөлімінің басшысы Нұрымбек Абсаликов, С.Торайғыров атындағы ПМУ Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филол.ғ.к., профессор Айман Зейнулина, ПМПИ Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығының басшысы, т.ғ.д. Сәуле Мамытова, «Ертіс медиа холдинг» АҚ бас маманы Серік Күлжібаев, С.Торайғыров атындағы ПМУ Тарих және құқық факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Айтулы зерттеу тақырыбының өзекті мәселелерін талқылау нәтижесі бойынша ашық талқылауға қатысқан ғалымдар, сарапшылар, жұмыс тобының келтірілген ұсыныстары мен қорытындылары монографияны басып шығару кезінде қолданылатын болады деп түйіндеді шараны ұйымдастырушылар.