С.Торайғыров ат. ПМУ-дың «География және туризм» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттары мен студенттері «Туристік индустрия дамуының заманауи мәселелері» атты І Халықаралық жастар ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияға қатысты.

Конференция жұмысына Алтай мемлекеттік университеті (Барнаул қ.), Новосібір мемлекеттік экономика және басқару университеті (Новосібір қ.), Иммануил Кант атындағы Балтық федералды университеті (Калининград қ.), С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің (Павлодар қ.) ғылыми қызметкерлері қатысты.

Конференция ұйымдастырушысы: Алтай мемлекеттік университеті (АМУ). Ғылыми шараның модераторы: АМУ рекреациялық география, туризм және аймақтық маркетинг кафедрасының меңгерушісі Александр Редькин. Ал, С.Торайғыров атындағы ПМУ тарапынан модераторлық қызметті География және туризм кафедрасының аға оқытушысы Гүлмаржан Қасенова атқарды.

Шараның ашылу салтанатында Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Қанат Ахметов жоғары мектептер арасындағы ғылыми әрі кәсіби тәжірибе алмасу ынтымақтастығының маңызы зор екенін атап кетті.

Конференция барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен магистранттарының баяндамалары мен ғылыми жобаларының тұсау кесерлері ұсынылды. Павлодар мемлекеттік университетінің География және туризм кафедрасының магистранты Виктория Сендецкая «Қонақжайлылық индустриясының заманауи менеджері моделі» атты баяндамасымен, осы кафедра студенті Дария Мулявка Қазақстан қонақ үйлеріндегі заманауи технологияларды қолдану мәселелерін қозғаған жұмысымен таныстырды.

Сонымен қатар, конференция жұмысының соңында қатысушылар туризм саласындағы мәселерді талқыға сала отырып бір тоқтамға келді. Конференция қатысушыларымен Қазақстан мен Ресей туристік беделінің қалыптасуына оң көзқарас тудыру мақсатында өз ара халықаралық ынтымақтастықта болу, жыл сайын халықаралық онлайн-конференциялар өткізуге шешім қабылданды.