С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жазғы емтихандық сессия кездерінде ЖОО басшылығы, Студенттік ректорат, оқу орнының Студенттер кәсіподақ ұйымы, Жастар ісі бойынша комитеті және Қазақстан студенттер Альянсының ұйымдастыруымен жемқорлыққа қарсы «Таза сессия» акциясы өтуде.

Студенттер арасында құқықтық сананы және азаматтық ұстанымын, қалыптасуы, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын бұзу көріністеріне төзбеушілік қатынасты қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша науқанды жүзеге асыруымыздың мақсаты пара беру немесе пара алуды әшкере ету емес. «Таза сессияны» бастаушылардың көздегені – жастарға жемқорлық пен оның зардаптарын түсіндіру.

Акция барысында жемқорлыққа қарсы насихаттар жүргізілді. Сондай-ақ, университеттің барлық ғимараттарында ұсыныстар мен ескертпелер үшін «Сенім жәшіктері» орнатылған. Сонымен бірге, науқан аясында студенттер арасында білім беру, емтихан өткізу қызметтерінің сапасына қанағаттануын анықтайтын анкеталық сауалнама өткізілді. Мұнымен қоса, жемқорлық мәселелері, емтихан уақыттарындағы келеңсіз фактілер турасында ашық пікір-талас алаңдары, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті басшылығы студенттер мен магистранттарды жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күреске белсене атсалысуына шақырады. Кез келген студент «Таза сессия» науқанының өту барысын қадағалап, өз құқықтары шеңберінде сапалы білім алу әділеттілігіне қол жеткізуі шарт.