С.Торайғыров ат. ПМУ «Шапағат 2014» өнертапқыш саласындағы жетістіктердің Республикалық байқауында «Жылдың ең белсенді өнертапқышы» номинациясы бойынша бірінші орынды қанжығасына байлап, жеңіс тұғырынан көрінді.

2014 жылдың 22 мамырында Астана қаласының Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» шығармашылық үйінде ІІ халықаралық «Антиконтрафакт» форумы мен VII Астана экономикалық форумы аясында «Шапағат 2014» Республикалық байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

ҚР Білім және ғылым министрі Асылан Сәрінжіпов құрметті марапаты мен жеңімпаз дипломын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің өкілі Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры Нұрлан Ержановқа табыс етті.

Сонымен қатар, Марапаттау рәсіміне мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, ғылыми топтардың, даму институттарының, инновациялық орталықтардың, ЖОО өкілдері, патенттік сенімді өкілдер және сыйлы қонақтар жиналады. Байқаудың құрметті қонағы ретінде ҚР Білім және ғылым министрі Асылан Сәрінжіпов, Экономикасы өтпелі және дамыған елдер департаменті, Кавказ, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері секциясының (ДЗМҰ) басшысы Сәуле Тілеулесова, Дүниежүзілік өнертапқыш және кәсіпкер әйелдер ассоциациясының Президенті Хан Мин Енг және ЕПҰ Президенті Александр Григорьев келді.

Айтулы бәйгені өткізудегі негізгі мақсат елдің индустриалдық-экономикалық дамуындағы өнертабыстық қызметтің рөлін арттыру және насихаттау, сонымен қатар, аталған салаға инвестицияны тартуға және өндірістік секторға перспективті әзірлемелерді ендіруге жәрдемдесу.

Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары, сондай-ақ, ПМУ Инновация және трансферттік технологияның аймақтық орталығы алға тартқан үздік жұмыстары шара барысындағы көрмеде көрсетілді.

Республикалық өнертапқыш ғалымдардың «Шапағат» додасына С.Торайғыров атындағы ПМУ өнертапқыштары жыл сайын бағын сынап, жүлделі орындардан көрініп келеді. Байқауға жыл бойына берілген және жарияланған қолданыстағы өнертабысқа берілген инновациялық патент және патенті бар ұлттық патент иелері қатыса алады.