2014 жылдың 22 мамыр күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Гуманитарлы-педагогикалық факультет күні өтті.

Гуманитарлы-педагогикалық факультет құрамында Орыс филологиясы, Қазақ филологиясы, Орындаушылық өнер, Психология және педагогика, Қазақ тілі, Журналистика, Шетел филологиясы және аударма ісі, Шет тілдер кафедралары бар. Факультетте 8 доктор, 53 ғылым кандидаттары қызмет етеді. Факультет ғалымдары Қазақстан Республикасының мәдени мұраларын айшықтай түсетін филология, педагогика, психология және өнер салаларының басты бағыттары мен мәселелері бойынша 500-ге жуық баспа өнімдерін жарыққы шығарды.

Биылғы гуманитарлы-педагогикалық факультет күні филология ғылымдарының докторы, фольклоршы Бекмұрат Уахатовқа арналған дөңгелек үстелден бастау алды. Дөңгелек үстел Қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Павлодар мемлкеттік университетінің концерттік залында өткен гуманитарлы-педагогикалық факультет мерекесі барысында факультет деканының тәрбие жұмыс жөніндегі орынбасары Айман Нұрғазина факультеттің қоғамдық, оқу, ғылыми жұмыстарына белсене атсалысқаны үшін студенттер мен профессорлық-оқытушылар құрамына алғысын жеткізді . «Бұл күнді тойлау игі дәстүрге айналды. Биыл біздің факультетке он жыл толды. Біз өткен жылдардағы факультет түлектері мен бүгінгі студенттерімізбен әркез мақтанамыз», - деп жүрекжарды лебізін арнады Айман Бекенқызы.

Гуманитарлы-педагогикалық факультетінің студенттері облыстық, республикалық, халықаралық конференцияларға белсене атсалысып жүреді. Оқу, ғылыми, өнер салаларында студенттер зор жетістіктерге жетіп, көптеген марапаттарға ие болған. Мысалы оған педагогика және орыс филологиясы бойынша бірінші орын, шетел тілдері бойынша екінші орын, психология, қазақ тілі және әлеуметтік жұмыс бойынша үшінші орынды иеленгендері дәлел бола алады.

Факультет студенттері мен оқытушылары көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Орындаушылық өнер кафедрасының оқытушысы Гүлжан Анишева, Студенттік филормония әншісі, ПМУ алтын дауысы Әсел Құлжанова, факультет студенттері Виктория Кудерина, Зейнеп Тоқпанова, халықаралық байқаулардың лауреаты Павел Граф, сондай-ақ, Рашид Әлішер, Айдын Мейрамов, Мұса Құтмановтардың өнерлеріне тәнті болды меймандар. Мұнымен қоса, КВН Павлодар жастар құрамасы, джаз ансамблі мен «Грация» дуэтінің тамаша өнері көрермен көңілінен шықты.