2014 жылдың 16 мамыр күні С.Торайғыров ат. ПМУ-да қазақстандық археологиялық мектептің негізін қалаған, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлкей Марғұланның 110 жылдығына арналған «Тарих ағымындағы халық» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.

Аталмыш конференция жастардың ғылымға әуестігін ояту, жас ғалымдардың біліктілігін жетілдіру мақсатында аға буын ғалымдардан ғылыми тәжірибе алмасуды мақсат етті.

Конференция барысында «Әлкей Марғұлан және ұлт келбеті» кітабының тұсаукесері болды. Кітап авторы: Е.Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және өлке этнографиясы ҒТО басшысы Амантай Құдабаев.

Университет фойесінде қонақтар мен конференция қатысушыларына «Әлкей Марғұлан Хақанұлы – рухы биік ұлы жерлесіміз» атты кітап көрмесі ұсынылды.

Конференця жұмысын ашқан С.Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов өз сөзінде: «С.Торайғыров атындағы ПМУ бірнеше онжылдықтар тоғысында терең рухани білім беру дәстүрлерімен және өңіріміздегі ғылыми және шығармашылық табыстарымен үлгі болып келеді. Бүгінде жоғары оқу орнының кітапханасы, медиатекасы, Қазақстан ғылымы мен мәдениеті қайраткерлерінің тарихи мұраларын зерттейтін ғылыми-тәжерибелік орталықтары – осының бәрі де студенттердің отансүйгіштік және рухани-адамгершілік тәрбиені сіңіру міндеттерін орындау мақсатына бағытталып отыр. Міне, бүгін университет қабырғасында өтіп жатқан Әлкей Марғұлан есімін ұлықтаған конференцияның өзі ғалым ісінің өлмегендігін білдірсе керек. Ғылыми шараны ұйымдастырушылар әрі қатысушылар болып қазақтың көрнекті ғалымы, дара да дарынды жерлесіміздің мұрасының өшпеуіне, бастаған еңбегінің жалғасатынына үлес қосудамыз», - деп атап өтті.

Конференция жұмысына еліміздің және ЖОО-ның белгілі ғалымдары, тарихшылар мен саясаттанушылар қатысты. Құрметті қонақ ретінде т.ғ.к., ҚР БҒМ Ғылым комитетінің мемлекеттік тарих институтының қызметкері Николай Лапин болды. Николай Лапин пленарлық отырыста «К вопросу об исторической демографии казахов в новое время» деген тақырыптағы баяндамасын ұсынды.

Сонымен қатар, пленарлық отырыста С. Торайғыров атындығы ПМУ Мәшһүртану ҒТО ғылыми қызметкері Арслан Көпеев «Мәшһүр Жүсіп және Әлкей Марғұлан», С. Торайғыров атындағы ПМУ тарих және құқық факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Қайрат Батталов «Әлкей Марғұланның тұлғасы мен тарихи мұрасы» атты баяндмаларымен көпшіліктің көңілінен шықты.