2014 жылдың 14 мамыр күні С.Торайғыров ат. ПМУ-да «Алтын мұра» жоғары ғылыми тарихи мектебінің жұмысы басталды.

Аталмыш шара Тарих және құқық факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен жүзеге асты. «Алтын мұра» Жоғары ғылыми-тарихи мектебі Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы бойынша С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың тарихшы студенттерінің бастамасымен қолға алынды.

Айтулы жобаның бастаушысы С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Ист-302 тобының студенті Расул Килаш. «Алтын мұра» ЖҒТМ-нің ғылыми жетекшілері: т.ғ.к., Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент Қайрат Батталов, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Аслан Азербаев, т.ғ.к., доцент Молдакимова Алия.

«Алтын мұра» ЖҒТМ алдына отандық тарихымыздың аз зерттелген мәселелерін зерттеу және сараптама жасау, олардың тарих ғылымдарындағы маңызы мен шешімін табуға жол ашуды мақсат етеді. Сондай-ақ жоба тарихи мәліметтердің қолжетімділігі мақсатында инновациялық технологияларды құру, тарих ғылымдарын барынша халыққа жақын ету және Қазақстан халықтарының отансүйгіштік сезімін орнықтыру сынды міндеттерді өзіне жүктейді.

Жоба бастамашысы Расул Килаштың мәлімдеуінше «Алтын мұра» жоғары ғылыми тарихи мектебінің қатысушылары тек тарихшылар болуы шарт екен. Расул өз сөзінде: «Жалпы «Алтын мұра» мектебі қатысушысының ең басты қағидасы – мектеп идеясы мен ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін қолдан келген, келмеген қадамдарға барып, әділ эксперт болу», - деп қада айтты.