2014 жылғы мектеп түлектері үшін С.Торайғыров ат. ПМУ Ашық есік күндерін өткізуде. Осы жолы университет Ашық есік күнін Ақсу қаласының болашақ мектеп түлектері арасында өткізді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ Ашық есік күндері «Foundation» факультетінің ұйымдастыруымен жүзеге асуда.

Аталмыш шара Ақсу қаласы №2 ЖББМ базасында өтті. Ашық есік күні Ақсу қаласы және Ақсу маңындағы елді-мекендерден жиылған 365 мектеп түлегі мен сынып жетекшілерінің басын қосты.

Шара барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ мамандықтары мен білім жүйесі туралы бейнефильм оқушылар назарына ұсынылды. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарына түсу үшін қажетті құжаттар мен құжаттар өткізу мерзімі, ҰБТ тапсыру мен мемлекеттік білім гранттары, университеттегі оқу ақысына байланысты жеңілдіктер турасында ақпараттармен п.ғ.к., «Foundation факультетінің деканы Айжан Кудерина бөлісті. Баяндама слайдтық көрсетіліммен ұсынылды.

Сондай-ақ, мектеп оқушылары алдында Павлодар мемлекеттік университетінің физика, математика және ақпараттық технологиялдар факультетінің 3 курс студенті Иван Давыденко университеттегі «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасының мүмкіндіктері мен өзінің аталмыш бағдарлама шеңберінде Балтық халықаралық академиясында білім алып келгені туралы әңгіме өрбітті.

Жиналғандар үшін С.Торайғыров атындағы ПМУ өнерпаздары өнер көрсетті. «Мелоди» (Жасталап Нариман, Шайман Райымбек), КВН командасы (Қиянатов Серікболсын, Қапан Дапрхан, Алдашев Қасымхан, Мейрамбекұлы Абдулла), «Джем» би студиясы (Бөлекжанова Айжан, Бөлекжанова Тоғжан), С.Торайғыроов атындағы Студенттік филармония әншісі Әсел Құлжанова өз өнерлерімен көрерменге тамаша көңіл күй сыйлады.

Шараның салтанатты сәті аяқталған соң, С.Торайғыров атындағы ПМУ факультеттері өкілдері мен мектеп оқушылары арасында еркін әңгіме өрбіді. Болашақ талапкерлер С.Торайғыров атындағы ПМУ мамандықтары мен «Foundation» факультетінің дайындық курстары туралы мәліметтерге қанық болды.