С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 2014 жылдың 6 мамыр күні Ұлы Отан соғысының тыл ардагерлері құрметіне ғаламтор парақшасының тұсауын кесті. Сондай-ақ, ардагерлерге мерекелік дастархан жайылып, жүрекжарды жылы лебіздер арналды.

Ғаламтор жүйесіндегі ардагерлер парақшасы (veteran.psu.kz) С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Білім беруді ақпараттандыру орталығы мен Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Аталмыш сайт – Ұлы Отан соғысының тыл еңбеккерлерінің құрметіне арналып жасалған тың жоба. Электронды бұл беттен Павлодар облысының тыл еңбеккерлерінің өмірбаянының, Отанымыздың Жеңісіне қосқан сүбелі үлестері мен еңбектегі жетістіктері туралы ақпаратпен таныс бола аласыздар. Және де Павлодар мемлекеттік университеті қабырғасында еңбек еткен Ұлы Отан соғысының тыл еңбеккерлері хақында толық мәлімет алуға әбден болады.

Мұнымен қоса, С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері университеттің Студенттер үйінде Ұлы Отан соғысының тыл еңбеккерлерін қонақ етіп, мерекелік концерт ұйымдастырды.

Ардақты ардагерлерге С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Ғылыми жұмыстар және инновация бойынша проректор, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов Ұлы Жеңіске қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Қонақтарға Павлодар мемлекеттік университетінің өнерпаздары өнер көрсетті. С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік филармония әншілері Әсел Құлжанова, Гүлжан Анишева, Нұржан Сарқамбаев, «Ақерке» би студиясы, «Джем» би студиясы қонақтарды әуезді әнге әуелеп, мың бұралта билетті. Соғыс жылдары мен Ұлы Жеңіске арналған әндермен Ғалия Ербол, Рашида Әлішер бар жиылған қауымның көңілінен шықты.

Сонымен қатар, С.Торайғыров ПМУ атынан тыл ардагерлеріне қаржылай және естелік сыйлықтар табыс етілді.