Астана қаласында өткен «Бақытты жұлдыз астында.

Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» атты Х халықаралық балалар мен жастар бұқаралық ақпарат құралдарының медиафестиваліне С.Торайғыров ат. ПМУ студенттері қатысты.

Жас журналистердің басын қосып, шараны ұйымдастырған: «Жұлдыз» БҚБО ҚБ.

Аталмыш фестивальде Журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер Зарина Сүлеймен, Зарина Құсайынова және Меруерт Шукуева университеттік «Білік» газетін додаға салды.

Байқау нәтижесі бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Білік» газеті Қазақстанның жастар БАҚ арасында үшінші орынға ие болды. Ал, Меруерт Шукуева «Юнкор 2014» номинациясы бойынша үшінші орынды қанжығасына байлады.

Болашақ журналист Меруерт Шукуева: «Мен үшін осы үшінші орынға топ жарып шыққаным оңайға түспеді. Өйткені, жас тілшілер бәйгесіне қатысқандар кіл мықтылар еді. Бұл фестивальдегі жетістігім менің кәсіби біліктілігімнің бір сатыға болса да артқанының айғағы. Алдағы уақытта да мамандығымның кәсібилігін жетілдіру мақсатында осы сынды байқауларға қатыса бермекпін», - деп ағынан жарылды.

Ал Зарина Құсайыноваға Қазақстан Республикасы министрлігі атынан Алғыс хат табыс етілді.