2014 жылдың 26 наурызында С.Торайғыров ат. ПМУ-да «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдерімен, дәлірек айтқанда орталықтың вице-президенті Ғалия Досмұхамбетова мен орталық қызметкері Олжас Баймағамбетовтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық стипендиялық «Болашақ» бағдарламасы бойынша брифинг өтті.

Мұндай брифинг магистратура, резидентура, докторантура, ғылыми, педагогикалық, медициналық және инженерлік-техникалық тәжірибелерден өту бағдарламалары бойынша стипендия алуға мүдделі үміткерлерге ауқымды ақпарат таратуды мақсат еткен.

Орталық қызметкерлері айтулы бағдарламадағы өзгерістер турасында, яғни, үміткерлердің құжаттарды қабылдау мерзімдері, құжаттарды қабылдау ережелері, 2014 жылғы байқауды өткізу шарттары мен халықаралық «Болашақ» стипендиясын іске асыру бойынша шаралар туралы тың мәліметтер берді. Енді «Болашақ» бағдарламасына БАҚ және мәдениет қызметкерлері де қатыса алады. Бағдарлама аясында олар магистратура мен тілді меңгеру курстарынан 18 ай мерзімге дайындықтан өтуге мүмкіндікке ие бола алады. Мұнымен қоса, былтырғы жылы «Болашақ» стипендиясының өтпелі балы 75-ті құраса, биыл 85 балды жинаған үміткердің ғана стипендияны иелену мүмкіндігі арта түсетіні белгілі болды. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушылардың шетел тілін білуіне деген талап арта түсетін болды. Ал, биылғы бағдарламаға қатысушы болашақ ғылым докторлары үшін 12 айлық тілді меңгеру курстарынан білім алу мүмкіндіктері қарастырылыпты.

2013 жылы Павлодар облысы бойынша халықаралық «Болашақ» стипендиясымен өзге елге 31 адам, оның 20-сы С.Торайғыров атындағы ПМУ стипендиаттары.