2014 жылдың 14 наурызы күні С.Торайғыров ат. ПМУ-да Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков Республикалық ақпараттық-насихаттау тобының мүшесі ретінде магистранттар, ғалымдар  мен оқытушылармен кездесті.

Халықаралық ғарыш академиясының академигі  С.Торайғыров атындағы ПМУ-ға Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының негізгі қағидаларын  насихаттау мен түсіндіру мақсатын арқалап келіпті.

Кездесуге жоғары оқу орынының басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы және магистранттар қатысты.

М.М. Молдабеков жиылғандарды ғарыш әлемінің сырына қанықтырып,  Елбасының Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау шеңберіндегі Қазғарыш қызметі жайында қызықты да танымды әңгіме өрбітті.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор жиын басындағы сөзінде: «Ғарыштық сала – инновациялық-индустриялық дамудың негізі екені белгілі. Ал, Павлодар мемлекеттік  университет -  инновациялық-бағдарлы оқу орны. Сондықтан, ЖОО ғалымдары өздерінің тыңинновациялық жұмыстарымен ел ғылымына, ел дамуына үлес қосып келеді», - деп атап өтті. 

Мейірбек Молдабеков баяндамасы  барысында агенттіктің маңызды екі бағыты яғни, біріншісі – «ғарыштық инфрақұрлымның құрылуы мен дамуы»,  екіншісі – «ғарыш саласындағы ғылыми даму және ғылыми-технологиялық базасы»  туралы  кеңірек тоқталды.

Мұнымен қоса, Мейірбек Молдабекұлы  бірінші стратегиялық бағыт аясында бірқатар ірі ғарыштық жобаларды іске асыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Оның бірі елдің индустрияландыру жұмысы бойынша картаға енгізіліп отыр.  Мәселен, ол ғарыштық аппараттарды құрастыру әрі тәжірибеден өткізу кешенінің құрылысы, ҚР жерінің дистанциондық ғарыштық  жүйесін құру,  «KazSat»  спутниктік байланыс жүйесі,  «Бәйтерек»  жаңа старт кешенін тұрғызу жобасы сынды тақырыптарды баяндамасына өзек етті.  Ал, екінші стратегиялық бағыт бойынша баяндамашы ғарыш саласы үшін білікті мамандарды даярлау, ғылыми-техникалық мүмкіндіктеріміздің өркен жаюы және ғарыш саласындағы халықаралық бірлескен жобалар хақында  сөз қозғады.

Кездесу соңында Қазғарыш төрағасының орынбасары көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап қайтарып, «Досмұқасан»  ансамблінің экспозициялық мүсіні бой көтерген еліміздегі жалғыз оқу орны С.Торайғыров атындағы ПМУ-ды  өзіне жақын тартатынын ерекше атап өтті.