2014 жылдың 14 ақпанында С.Торайғыров ат. ПМУ-дың Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары мен студенттері Ғашықтар күніне орай мерекелік шара ұйымдастырды.

Еліміз егемендігін алғаннан кейін азаттықпен бірге қазақстандықтардың өмірінен жаңа мерекелер де орын ала бастады. Барша жер шарындағылар тойлап жүрген ғашықтар мейрамының әлем жұртшылығы арасында ұлтына, жасына, тіпті діни сеніміне да қарамастан танымалдығы арта түсті.

Биылғы жылы С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері аталмыш мерекені ерекше тойлады. Қаһарлы қыстың суық күндері жастар бір-біріне жылу сыйлауды ұйғарыпты. Бір-біріне деген сүйіспеншілік пен достық лебіздерін олар әлемнің әр тілінде жеткізді. Бір-біріне арнаған жүректен шыққан шынайы тілектер жүректерге жетіп жатты. Мұнымен қоса, студенттер «Махаббат құдайлары» атты театрландырылған қойылым қойды.

Мерекеге қатысушылар мен қонақтарды Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары мен студентері шын жүректен құттықтады. Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Галина Демесінқызы мұндай шаралар аудармашы және шетел филологиясы мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттеріміздің жаһандық мәдениеттен хабардар болып, болашақ кәсібіне жаратар тәжірибе жинақтайтынына қадам болады деп өз ойын жеткізді.

Бұл мерекеде ешкім сыйлықсыз қалмады. Студенттердің білімін тағы да бір шыңдау мақсатында түрлі викториналар мен байқаулар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға сыйлықтар таратылды. Мың бұралған бишілер мен әуезді әндер кештің шырайын келтірді. Бұл күні бір білім шаңырағында, бір топта білім алып жүрген студенттер бір-біріне достық жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, бір-біріне қуаныш пен шаттық сыйлап жатты.