Семейде өткен республикалық олимпиадада С.Торайғыров ат. ПМУ-дың студенттері Механика және мұнайгаз ісі кафедрасының аға оқытушысы Быстрова Людмиланың жетекшілігімен жоғары көрсеткіштерге жетті.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде өткен республикалық олимпиадаға еліміздің әр өңірінің жоғары мектептерінің командалары жиналды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті командасының құрамында Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің белсенділері мен оқу үздіктері болды. Сағыныш Нұркімбаев ( МС-402 тобы), Владимир Макаров ( МС-402 тобы), Асқар Нұрғалиев (ТМО-202 тобы) және Дмитрий Данилов (ТМО-202 тобы).

Республикалық олимпиаданың нәтижесі бойынша С.Торайғыров ат. ПМУ командасы үшінші орынды қанжығаларына байлады. Сонымен қатар, жоғары көрсеткіштер үшін студенттер грамоталар мен алғыс хатпен марапатталды.

Павлодар мемлекеттік университеті командасының жетекшісінің мәлімдеуінше аталмыш олимпиадалар студенттердің кәсіптік-тұлғалық мүмкіндіктерінің ашыла түсуіне, шығармашылық қабілеттерінің өсуіне, оқу-зерттеу әрі танымдық бағытта өз-өзіне деген сенімділігінің артуына жағдай туғызады.

Мұнымен қоса, олимпиада шеңберінде оқытушыларға арналған «Кредиттік оқу технологиясын енгізу жағдайында қолданбалы механика бойынша оқу үдерістерін ұйымдастыру» семинары өтті. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар беріліп, Семей мемлекеттік университетінің ректорымен кездесу болды.