С.Торайғыров ат. ПМУ-дың «Павлодар жастар құрамасы» Республикалық КТК ойындарының Жоғары лига ойындарына жолдама алды.

Биыл Астана қаласында Республикалық Жайдарман ойындарының 10-шы маусымашары өтті. Додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген командалар қатысты. Павлодар облысының намысын биыл 7 команда қорғады. Өңірімізге танымал, тәжірибелі С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Павлодар жастар құрамасы» командасы жиылған көпшілікті тамсандыра өнер көрсетті. Құрама ішінде Агротехнологиялық, Гуманитарлық-педагогикалық, Энергетика және Металлургия, машинажасау және көлік факультеттерінің студенттері.

Фестивальға жалпы 224 команда қатысты. Командалар ойны нәтижесіне сай Қазақстан Көңілді тапқырлар клубы одағының Президенті Есен Елеукеннің және редакторлар алқасының шешімдері бойынша еліміздің 5 аймағында бар Орталық лигаларға, «НТК» арнасының түсірілімімен Алматы ашық лигасына, «Қазақстан» ұлттық арнасының түсірілімімен Республикалық Премьер-лига мен ең беделді Жоғарғы лигаға жолдама алатын командалар іріктелінді. Маусымашар жоспары бойынша І турдан ары қарай өткен командалар ІІ турға қатысты. Сонымен қатар, жайдарманшылардың әлеуметтік желілердегі сауаттылығы жайлы, БАҚ-пен жұмыс істей білудің қыр-сыры жайлы, белгілі блоггерлер мен Қазақстан КТК Одағының әкімшілігінің қатысуымен семинар-тренинг, жұлдызды ардагер КТК-шілермен шеберлік-кластар жүргізілді.

Фестивальдің І турында жақсы ойын көрсетіп «Павлодар жастар құрамасы» ІІ турға өткен 100 команданың тізіміне кірді. ІІ тур нәтижесінде жігіттер ұлттық арнаның телевизиялық түсірілімімен Гала-концертке өтіп, сапалы деңгейде ойнап шықты.

Ат ізін суытпай ақпан айының соңғы күндері жігіттер Астананың Конгресс-Холл залында өтетін Жоғарғы лиганың 1/8 ойындарына аттанбақ. Жігіттерге қарсы «ҚазҰУ құрамасы» Алматы қаласы, «АЭСА» Алматы қаласы, «Күлкі терапиясы» Қарағанды қаласы, «Абзал жандар» Ақтөбе қаласы, «Күлтегін» ЕҰУ Астана қаласы ойнамақ.