Павлодарда өткен тоғызқұмалақтан Азияның екінші ашық чемпионатына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің спортшылары қатысты.

Ең мықты спортшыларды үш жас категориялар және сайыстың үш түрі арқылы, атап айтсақ, классикалық, блиц және рапиде бойынша таңдаған. Қазақстанның спортшылары ең қөп санды құрама командасы болып табылды.

Тоғызқұмалақтан Азияның екінші чемпионатының нәтижесі бойынша С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Металлургия, машина жасау және көлік факультетінің студенттері классикалық ойын түрінен екінші орын алған Бауыржан Абылайханов (КТА-101 тобы) және блиц ойын түрінен үшінші орын иеленген Бахтияр Байжанов (МТ-101 тобы) жүлдегерлер қатарына енді.

Тоғызқұмалақ – ежелгі ұлттық ойындардың бірі. Бұл ойын арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды.

Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды екен. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Бұл ойынды ел ауызында «Қойшылар алгебрасы» яғни, малшылар математикасы деп те атаған. Мәліметтерге сүйенсек, ертеде тоғызқұмалақ ғұндардың әскери-танымдық ойыны болған екен.