2013 жылдың 28 мамырында Швеция Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшісі Манне Венгборг С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне арнайы іссапармен келді.

Іссапардың барысында ПМУ ректоры Серік Өмірбаев Швеция елшісін университеттің ақпараттандыру жүйесімен таныстырып өтті. Университеттің ақпараттандыру жүйесінің құрамына білім беру порталы, «e-Learning CDT» атты мультисервистік ақпараттандыру жүйесі, электрондық құжат айналым жүйесі, ақпараттық-коммуникациялық жүйе (ақпараттық киосктер, видеоконференц-байланысы, 19 интерактивтік проектор және т.б.) кіреді.

Серік Мәуленұлының айтуы бойынша, С.Торайғыров атындағы ПМУ-да инновациялық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бірыңғай ақпараттық ортаны әзірлеу әрі нақты уақыт тәртібінде өзгеретін өзекті ақпаратты университеттің студенттері, қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамына пайдалануға беру және де жалпы түрде оқыту үрдісін бақылау мақсатымен енгізген.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Білім беруді ақпараттандыру орталығының басшысы Дәрия Әбікенова жоғары лауазымды қонақты электрондық университет жүйесімен таныстырып өтті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасының директоры Саида Исамадиева Манне Венгборгтың назарына сирек кітаптар қорын, «Рухнама» топтамасының кітаптарын, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, С.Торайғыров жайындағы жинақ кітаптарымен, сонымен қатар, Нобел дәрістері топтамасын ұсынды.

Арнайы іссапардың аясында Швеция елшісі ПМУ-дың ғылыми зертханаларын көріп шықты. Жоғары лауазымды қонақты Зоотехнология, генетика және селекция кафедрасының ғалымдары «Жануарлар биотехнологиясы» зертханасымен, Химия және химиялық технология кафедрасының доценті, х.ғ.к. Э. Копишев «Химиялық наноқұрылған полимерлік гидрогельдер мен наноэлектроника» зертханасымен, Агротехнологиялық факультетінің деканы, а.ғ.д., профессор Т. Бексейтов «Өсімдік биотехнологиясы» зертханасымен және де «Қуат үнемдеу және технология» зертханасымен таныстырды.

Швеция Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшісі Манне Венгборгтың С.Торайғыров ПМУ-ға келуі қазақстандық-шведтік екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға мол септігін тигізді.