2013 жылдың 24 сәуірінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Академик С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасында кітапхана қызметінің бүгінгі жетістіктерімен таныстыратын «Кітаптың сәулесі мәңгі сөнбес...» атты іс–шара өтті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаевтың бұйрығына сай 3 маусым –Университет күні болып жарияланды. Бұл ерекше мерекеге орай С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың тарихы мен жоғары білім беру жүйесіндегі жетістіктерімен таныстырып өтетін арнайы іс-шаралар өткізілуде.

Соның бірі «Кітаптың сәулесі мәңгі сөнбес...» атты кітап мерекесіне Облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің оқушылары қатысты. Кешке қатысушыларды Ғылыми әдебиеттермен қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Аманова және Оқу әдебиеттерімен қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Сәбираш Мұқанова кітапхана ісінің ерекшеліктерімен таныстырып өтті.

Сонымен қатар, іс-шараның аясында С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың кітапханасының тарихын қамтып көрсететін арнайы бейнеролик ұсынылды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасы – Павлодар өңірінің ең ірі кітапханаларының бірі болып табылады. Кітапхана қызметіне ПМУ-дың оқытушылары, докторанттары, магистранттары, студенттері, жалпы айтсақ, 14000 тұтынушылар жүгінеді. Жыл сайын кітапхана қорына 50 мың дана баспа және электронды тасымалдаушыларға арналған жаңа ғылыми және оқу басылымдары, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, ТМД елдері мен Еуропаның 300-ге жуық мерзімді басылымдары түсіп тұрады.

С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың қызметкерлері Елена Лиханова мен Айтолқын Пішенбаева 1920 – 1940 жылдардағы кітапхана жүйесіне шолуды театрландырылған түрде жасады.

Облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің 9 «Б» сынып оқушылары Ғалия Нұртай, Динара Сәрсембаева, Лейла Баймышева, Карина Сергеева, Жәмилә Исмағұлова, Алтыншаш Иманқұлова көнелік дәуірден бастап қазіргі уақытқа дейінгі кітапхана ісінің даму кезеңдеріндегі қызықты мәліметтерді жария етті.

Кештің соңында кітапхана қызметкерлері келген оқушыларға кітапхана ісінің жалпы тарихы тақырыбынан танымдық викторина өткізді. Викторинаның белсенді қатысушыларына «Кто есть кто в Павлодарской области» энциклопедиялық кітап сыйға тартылды.